Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қоғамдық сенім ұлттық кеңесін құру туралы бастамасы тек зиялы қауымның ғана емес, барша қазақстандықтың көңілінен шықты. Себебі, бұл бастама халықтың әлеуметтік ахуалына әсер етеді. Билік пен бұқара арасындағы байланысқа көпір болады деген үміт басым.
«Қазақстан халқы қай уақытта да келісім мен диалогты дұрыс көреді. Сондықтан, Мемлекет басшысы бастамасымен құрылған кеңес халық пен билік арасында алтын көпірге айналады», -дейді ел саясаттанушылары.
Талғат Калиев, саясаттанушы, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры:
Президент жұмысын осыдан бастап жатқаны өте жақсы бастама. Өйткені, қоғамдағы ең бастысы тыныштық.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі - елімізде азаматтық қоғамды дамыту жолында жасалған нақты қадам. Жаңа бастама - жаңғыру мен реформалардың да өзегіне айналмақ.
Асхат Маямеров, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры:
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру бұл шын мәнінде елге сенім беретін бастама деп есептеймін. Себебі, билік пен халықтың ортасын сенім деп аталатын бір биік ұғым байланыстырып тұр. Сондықтан, ол ұғымға қызмет ету үшін халық пен биліктің ортасында ашық қоғамдық негіздегі диалог болу керек.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 1 ай ішінде Президент әкімшілігі кеңесті қалыптастыру және оның жұмыс тәртібі бойынша консультациялар өткізетін болады. Ал аталған ұйымның алғашқы отырысы алдағы тамызда ұйымдастырылмақ.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ