Мәжіліс депутаты сайлаушылармен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс депутаты сайлаушылармен кездесті

19.08.2019

Мәжілісмендер елдің әр аймағына аттанып, сайлаушылармен кездесуде. Бүгін Алматыда депутат Зағипа Балиева мегаполистегі Балаларды ерте оңалту орталығының ұжымымен кездесті. Ем қабылдап жатқан балалардың жағдайымен танысып, қызметкерлердің сұрақтарына жауап берді.

Балаларды ерте оңалту орталығында қазір 75 бала ем алып жатыр. Мұнда 3 жастан 7 жасқа дейінгі неврологиялық дертпен ауыратын жеткіншектер тегін емделеді. Мекеме жаңа технологиялармен жабдықталған.

Насихат Төлекова, Балаларды ерте оңалту орталығының директоры:

Орталығымызға депутаттар келіп жатыр. Бүгінгі күнге ең негізгі құрал-жабдықтарымыз бар. Бірақ қосымша құрал-жабдықтарға өтініш берілген. Келесі жылға дейін алып қаламыз деген сеніміміз бар.

Мәжіліс депутаты орталықтың ұжымымен кездесіп, пікір алмасты. Негізгі мәселе еңбекақыға қатысты болды. Өйткені орталық медициналық мекеме болғанымен, мұнда педагогтар мен психологтар жұмыс істейді. Олар медициналық мекемеде қызмет ететін педагогтардың жалақыны өсіру тәртібі қалай болатындығын сұрады.

Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Денсаулық саласы қызметкерлерінің жалақысы 10 пайызға, 30 пайызға көтерілді. Енді мұғалімдерге жағдай жасалып жатыр. 4 жылдың ішінде олардың жалақысы екі есе көтерілетін болады.

Бұл орталық 1994 жылдан бері жұмыс істеп келеді. «Жылда жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, ғимарат әбден ескірген», - дейді мамандар. Сондықтан келер жылы орталықта күрделі жөндеу жүргізіледі. Оған қоса нысанның аумағын кеңейтіп, мүмкіндігін арттыру ісі жоспарда бар.

Аманкелді СЕЙТХАН

Хабарламаларға жазылу