Әлем лидерлері Нормандияға жиналуда (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем лидерлері Нормандияға жиналуда (толығырақ)

06.06.2014
Бүгін Нормандияға одақтастар әскерінің қонғанына тура - 70 жыл. ІІ Дүниежүзілік соғыстың айтулы оқиғасын атап өту үшін Францияға әлемнің 19 мемлекетінің басшысы мен 1000-ға жуық ардагер жиналды.
 
Мәртебелі меймандардың ішінде Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ, Чарльз ханзада, АҚШ президенті Барак Обама мен Кремль басшысы Владимир Путин бар.
 
1944 жылы маусымның 6-да әйгілі теңіздік-десанттық операцияға қатысқан жауынгерлердің ең кішісі биыл 80 жасқа толды. Сондықтан, бүгінгі шара  олардың көпшілігі үшін соңғы ірі мерейтой болуы мүмкін.
 
Мемлекет басшылары мен ардагерлер Уистрехам елді мекеніне жиналып, сол шайқастың қайта жасақталған үлгісін тамашалап, құрбандардың рухына тағзым етті.
 
Айта кетсек, дәл осы маңдағы жағажайға осыдан 70 жыл бұрын одақтас елдердің мыңдаған десанты қонды.
 
Тарихи деректерге қарағанда, олардың саны 150 мыңнан кем болмаған екен.
 
Нормандия операциясының нәтижесінде Франция фашистік оккупациядан азат етіліп, арада 11 ай өткенде нацистік Германия біржола жеңіліске ұшырады.
 
Алайда, сауалнама қорытындыларына қарағанда, ресейліктердің көпшілігі екінші майданды одақтастар кеш ашты деп есептейді.
 
Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу