Шет тілін білсеңіз, кез келген жоғарғы оқу орнына түсуге болады. Есесіне жергілікті жастар үшін оқу ақылы. Мемлекет тек тұрмысы төмен отбасылардың балаларына ғана жеңілдік жасайды.
Бельгия мектебіне алты жылдық бастауыш сыныптан соң балалар болашақ мамандығын таңдап, соның қыр-сырын игереді.
Мектеп бітіруші түлектер біздегідей тест тапсырмайды. Медицина, менеджмент, өнер және техникалық факультеттерге түсу үшін ғана емтихан бар. Қалған мамандықтарға ақысын төлесеңіз, еркін қабылдайды.
Надин Энгельс, Еркін университетінің Білім ғылымдары департаментінің жетекшісі, профессор:
Бізде шетелдік студенттер ғана түрлі халықаралық бағдарламалар бойынша тегін оқи алады. Ал, жергілікті жастар үшін оқу ақылы. Орташа есеппен жылына 500-600 еуро. Бұл аса қымбат емес. Дегенмен, мемлекет ата-анасы жұмыссыз немесе тұрмысы төмен отбасыларға оқу қаражатын төлеуде жеңілдік жасайды.
Жастардың көпшілігі мына Брюссельдің Еркін университетіне түскенді қалайды. Іргетасы 1834 жылы қаланған оқу ордасындағы оқу бақыты - Әлияға да бұйырыпты.
Бакалавриатты Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде тәмәмдаған ол магистратураны биыл осы жерден бітіреді.
Әлия Базарбаева, Еркін университетінің магистранты:
Бұл жақта оқу қиынырақ. Талап қатал. Тапсырманы көп береді және белгіленген мерзімге дейін барлық пән бойынша дайындалып үлгеруің керек. Баяндама, реферат жазғанда интернеттен көшіруге болмайды. Арнайы жүйе арқылы тексереді.Егер бір жерден көшіргенің анықталса, онда қайта тапсыруға тура келеді. Дәріс жазбаймыз. Мұғалім алдынала электронды нұсқасын береді. Сабақта соны талқылаймыз.
Қазір бұл оқу ордасында 12 мың студент білім алуда. 20 пайызы -шетелдіктер. Оқу француз, фламанд, ағылшын тілдерінде жүргізіледі.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Бұл - университеттің студенттер қалашығы. Жатақханалар біздегідей әр факультеттікі болып бөлек-бөлек бөлінбейді. Көпқабатты емес,бар-жоғы екі қабаттан тұрады. Әр секторда төрт бөлмеден. Ішіне кіріп көрейік.
Біздегідей емес, Еуропа жастары бөлмені өзгемен бөліскенді жаратпайды. Әрі ешкімді жолатпайды.
«Әркімнің өз территориясы болуы керек», деген Алисса да мынандай үлкен бөлмеде жалғыз өзі тұрады. Айына 286 еуро, бізше 71 500 теңге төлейді.
Әке-шешесі қызметкер болғандықтан, мемлекеттен еш жеңілдік алмайды.
Жалпы, Бельгияда білім алу - кәрі құрлықтың өзге елдерімен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Сондықтан болар, қазір мұндағы 180 жоғарғы оқу орнында 280 мың студент оқып жатыр.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының зерттеуі бойынша елдің білім жүйесі бүгінде 53 орыннан тұратын халықаралық рейтингте 14-ші орынды иемденеді. Ел үкіметінің ендігі көздегені - үздіктердің алғашқы бестігіне кіру.
Нұрсұлу ҚАСЫМ