2015 жылдың ғылыми-техникалық 15 жаңалығы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2015 жылдың ғылыми-техникалық 15 жаңалығы

30.12.2015
2015 жылдың  ғылыми-техникалық  15 жаңалығы
2015 жылдың  ғылыми-техникалық  15 жаңалығы


Сонымен, 2015 жыл да аяқталып қалды. Қой жылы Қазақ елі үшін жаман болмаған сияқты. Ең бастысы, ел іргесі бүтін, жұрт аман. Ал, жаһандану үрдісі жылдам жүріп жатқан әлемде түрлі оқиғалардың болғаны да жұрттың есінде қалған сияқты. Рас, ақпарат кеңістігінде экономикалық санкциялар, терроризм, мұнай бағасының төмендеуі, саяси текетірістер бірінші кезекте талқыланған, жұрттың назарын аударған тақырыптар болғаны жасырын емес. Дегенмен, 2015 жылы ғылымда да бірқатар жаңалықтар ашылыпты. Біз сол ғылым мен техникадағы жаңалықтарға шолу жасадық.

2015 жылғы ғылымдағы елеулі жаңалықтардың көбін батыс елдерінің ғалымдары ашқанын байқаймыз. Ғарышты зерттеу, медицина, нано- технология, генетика, биология... Қысқасы, ғылымынң кез келген саласында біз естімеген, бәлкім естісек те назар аудара қоймаған жаңалықтар ашылды. Бұл жаңалықтар адамзат баласының болашағын айқындауы да ғажап емес.

2015 жылдың  ғылыми-техникалық  15 жаңалығы

1.2015 жылы медицина саласында көптеген жаңалықтар ашылған болатын. Олардың арасында қатерлі ісік клеткаларын анықтайтын тест те бар. Швеция ғалымдары қатерлі ісікті бірден анықтайтын тест ойлап тапты. Әдеттегі, жүктілікті анықтайтын тесттерге ұқсас шағын құрал қатерлі ісік ауруын 96 пайыз дәлдікпен анықтайды. Ал, қатерлік ісіктің түрлерін 71 пайызға дейін дәл көрсетіп бере алады. Сонымен қатар, шағын құрал қатерлі ісік ауруларының бастапқы кезеңдерін де көрсетіп береді. Ғалымдар қазір бұл тест құралын жетілдіріп жатыр.

2015 жылдың  ғылыми-техникалық  15 жаңалығы

2. АҚШ-тың DARPA агентігінің қолдауымен жүзеге асырылған бір жоба да 2015 жылдың ғылыми жаңалықтарының қатарына кіреді. АҚШ қорғаныс министрлігі үшін жаңа технологиялар әзірлеумен айналысатын DARPA биыл айырықша протез жасады. Жобаның жетекшісі Дж.Санчез бұл технологияның әдеттегі протез емес, жасанды қол екендігін айтады. Яғни, робот. Ол түрлі жағдайларда қолынан айырылған адамның заттарды ұстауына көмектеседі. Жасанды протез тіпті ұстаған затты кәдімгі саусақтар сияқты сезінуге де мүмкіндік береді. Қосымша құралдар арқылы нерв жүйесіне жалғанған протезді ми арқылы басқаруға болады. Протез Джон Хопкинс университетінің қолданбалы физика лабораториясында жасалыпты.

2015 жылдың  ғылыми-техникалық  15 жаңалығы

3. 2015 жылы Эбола вирусына қарсы вакцина жасалды. Канаданың ұлттық микробиология лабораториясы жасап шығарған rVSV-ZEBOV деп аталатын вакцина 100 пайыз тиімділігін көрсеткен. Сынақ үшін Гвинеяда эбола дертін жұқтырған сырқаттарға салынған вакинаның нәтижесінде ауру адамдар түгел жазылды. Канада ғалымдары жасаған вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пайдаланды. Нәтижесінде, өткен жаздың соңына қарай эбола дертінің таралуын тоқтатуға мүмкіндік туды.

2015 жылдың  ғылыми-техникалық  15 жаңалығы

4.Қазақ «Қызылжұлдыз» деп атап кеткен Марс ғаламшарында судың бар екендігі анықталды. NASA-ның Марс төңірегінде ғылыми-зерттеу жасап жүрген Mars Reconnaissance Orbite стансасы бұл ғаламшарда судың бар екендігін дәлелдеді. Әрине, Марста телегей-теңіз су болмағанымен жаз мезгілінде бірқатар мұздықтар еритіндігі белгілі болды. Жалпы, Марста мұздықтардың бар екендігі 2008 жылы белгілі болған-ды. Ал, олардан жаз кезінде бұлақтар ағатыны 2015 жылы толық дәлелденеді. Енді NASA ғалымдары ғаламшарда тіршіліктің бар-жоқтығын анықтау үшін еңбек етіп жатыр. Сонымен қатар, олар 2030 жылына қарай адам баласы Марсқа қонатындығына сеніп отыр.



5. 2015 жыл «Ғарыш жылына» айналған тәрізді. Рас, адамзат баласы ғарышқа бірнеше мәрте ұшып, қайта оралатын техникаларды өткен ғасырда-ақ ойлап тапқан. Алайда, биыл ғарышқа ұшқан зымыран жерге қайта оралды. АҚШ-тың Space X компаниясы жасаған Falcon 9 зымыраны 22 желтоқсанда ғарышқа 11 жер серігін шығарып, кейін жерге оралды. Алайда, зымыран тұтасымен емес, оның бірінші бөлігі вертикалды түрде қайта қонды. Бұл ғарыштық техникалардың ірі жетістігінің бірі саналады. Дегенмен, Falcon 9-дан бұрын жерге қайта оралған Blue Origin компаниясының New Shepard зымыраны болатын. Бірақ, оның көлемі Falcon 9-дан екі есе кішкентай және ұшып жететін биіктігі де төмен еді. Ал, атақты Space Shuttle аталатын ғарыш кемелерінің бір рет ұшуының құны миллярд доллардан асатын. Олардың шығындары ұшпай тұрғанда 500 млн, ғарышта жүргенде 500 млн долларға жететін. Falcon 9, New Shepard сияқты зымырандар дәл мұндай қымбат емес. Тіпті, ондаған есе арзан. Ең бастысы бұлардың қалдықтары жерге құламайды.

2015 жылдың  ғылыми-техникалық  15 жаңалығы

6. Биыл ғарышкерлер өздері өсірген көкөністің дәмін татты. Бұл жерде мәселе ғарышкерлердің жер бетінде өсірген жеміс-жидегі немесе көкөністеріне қатысты емес. Халықаралық ғарыш стансасында өсірілген өнім еді ол. Шілде айында Халықаралық ғарыш стансасындағы ғарышкерлер «Вег-01» деген шартты атау берілген салат өсіре бастаған болатын. Өнімді 10 тамызда алды. Ғарышта өсірілген көкөністің жартысы ғылыми зерттеу үшін жерге жіберілсе, жартысын ғарышкерлер өздері жеді.

2015 жылдың  ғылыми-техникалық  15 жаңалығы

7. Биыл Maglev деп аталатын жүйемен жұмыс істейтін жүрдек пойыздар жаңа рекорд орнатты. 2015 жылдың 21 сәуірінде жапондар жасаған осындай пойыз сағатына 603 шақырым жылдамдықпен жүрді. Сөйтіп, доңғалақпен емес электромагниттік жүйе арқылы қозғалатын пойыз ғылым мен техниканың жаңа жетістігі саналып отыр. Бұрын, дәлірек айтқанда 2003 жылы жапондар «ұшқыр» пойыздың жылдамдығын сағатына 581 шақырымға дейін жеткізген болатын.

2015 жылдың  ғылыми-техникалық  15 жаңалығы

8. Ғарышты зерттеу кезінде тың жаңалықтар күн сайын ашылып жатқанымен, Жер бетіндегі құпиялар да аз емес. 2015 жылы Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры 200 ден астам жаңа жан-жануар мен өсімдіктің табылғанын жариялады. Қор 2009 жылдан бері Жер шарының түрлі аймақтарында жүргізілген зерттеулердің нәтижесін айтып отыр. Соңғы 4 жылда табылған 211 түрлі жануардың, құстың, өсімдік пен балықтың барлығы дерлік Шығыс Гималай аймағында кездеседі екен. Олардың қатарында өсімдіктің 133 жаңа түрі, омыртқасыздардың 39, балықтың 26, қос мекендінің 10 түрі бар. Сонымен қатар, бұрын ғалымдар кездестірмеген бір рептилия, бір құс, бір сүтқоректі Шығыс Гималай өңірінде тіршілік ететіндігі анықталған.

2015 жылдың  ғылыми-техникалық  15 жаңалығы

9. 2015 жылы адамзаттың тарихына қатысты тың деректер де табылды. Дәлірек айтқанда, ғалымдар 3.3-3.5 млн жыл бұрын өмір сүрген адамға ұқсас жаратылыстың қаңқасын тапты. Рас, дәл қазіргі адам емес те шығар. Бірақ, бұл қаңқалар ең «кәрі адамға» тиеселі болып есептеледі. Ғалымдар бұл қаңқаның иесін Homo Naledi деп атапты. Бүгінгі адамның арғы аталарының бірі болуы бек мүмкін. Қызығы, наурыз айында Эфиопиядан табылған тағы бір адамның қаңқасы 2.8 млн жыл бұрыңғы дүние екендігі айтылған. Кейін табылған қаңқа «рекордты» жаңартты.

2015 жылдың  ғылыми-техникалық  15 жаңалығы

10. Мамырда канадалық доктор Гарет Вебб көзі нашар адамдарға арналған жаңа бионды линза жасап шығарды. Бұл линза қандай нашар көретін көз болса да шырадай жайнатып қоятын дүние. Дегенмен, жаңа затты линза деуге келмейді. Ол имплантант болып саналады. Өйткені, оны көзге 8 минуттық операция арқылы орналастырады. Ғалымдар бұл имплантант көзілдірік дәуірін аяқтайтындығын айтады.

2015 жылдың  ғылыми-техникалық  15 жаңалығы

11. Бір ғана молекуладан диот жасалды. Биыл АҚШ-тағы Колумбия университетінің қолданбалы ғылымдар және химия бөлімдері бір ғана органикалық молекуланы қолданып, диот жасады. Негізі мұндай идея алғаш рет 1974 жылы айтылыпты. Сол кезде алып электроникалық жабдықтарды кішірейту үшін диоттар мен транзисторларды шағын мөлшерде жасауға қатысты зерттеулер басталған. Бірақ, күні бүгінге дейін нәтижесі болмаған еді. Биыл нанометр көлеміндегі диот жасалды. Бұл диот стандартты диоттарға қарағанда 50 есе тиімді жұмыс істейтіні белгілі болып отыр.

2015 жылдың  ғылыми-техникалық  15 жаңалығы

12 Ауа мен судан дизель отыны жасалды. Иә, ауа мен судан жасалды бұл. «Е-diesel» деп аталатын бұл отынды немістің Audi компаниясының мамандары ойлап тауыпты. Дұрысы, жаңа отын түрін пайдаланатын технология жасап шығарған. Рас, сутегімен жүретін көліктерді әлемнің өзге де алпауыт компаниялары жасап жатыр. Бірақ, немістер судан сутегіні бөліп алса, ауадан көмірқышқыл газын алуды мақсат етіпті. Сөйтіп, түрлі процестер арқылы көлік отынын жасап шығарады. Қазірдің өзінде жаңа отын түрін өндіруді бастап кетті немістер.

2015 жылдың  ғылыми-техникалық  15 жаңалығы

13. Солтүстік Каролина университетінің ғалымдары көміртегі элементінің үшінші фазасын жасап шығарды. Көміртегі табиғатта таза күйінде тек графит және алмас түрінде кездеседі. Графитті қатты қысым мен жоғары температурада қыздыру арқылы алмас алуға болатыны тағы бар. Алайда, Q-сarbon деп аталатын көміртегінің үшінші фазасы биыл қолдан жасалды. Ғалымдар мұны «үй температурасында алынған алмас» деп бағалап отыр. Табиғатта Q-сarbon кездеспейді. Тек алыстағы ғаламшарларда болуы мүмкін деген болжам бар.

2015 жылдың  ғылыми-техникалық  15 жаңалығы
14. Физикада бізге «заттың үш күйі» болатындығы үйретілетін. Қатты, сұйық және газ күйі. Рас, бірқатар ғалымдар плазманы да заттың бір күйіне жатқызатыны бар. Бірақ, биыл ресми түрде заттың «Ян-Теллер металы» деп аталатын жаңа күйі белгілі болған көрінеді. Тохоку университетінің профессоры Комса Прассидес бастаған бір топ ғалым заттың осы күйін анықтағаны туралы сәуір айында мәлімдеме жасағаны бар. Ғалымдар заттардың электр өткізу қасиетін зерттеу барысында шығындарды азайтудың жолдарын қарастырған. Нәтижесінде өздерінің ғылыми жаңалықтарын ашып отыр. «Ян-Теллер металы» деп аталатын заттың үшінші күйі әдетте электрөткізгіш қасиетпен тығыз байланысты екендігі айтылады.

2015 жылдың  ғылыми-техникалық  15 жаңалығы
15 Қой жылы жаңа антибиотик жасалды. Аса қуатты бұл дәрі соңғы 30 жылда жасалған алғашқы антибиотик болып саналады. Антибиотикті жасауға халықаралық ғалымдар тобы атсалысыпты. Жаңа антибиотик «теиксобактин» деп аталады. Ол организмде туберкулез, пневмания, стафилококк және қан инфецияларын тудыратын микроорганизмдерді түбегейлі құртатын көрінеді. Ең қызығы ғалымдар бұл антибиотикті кәдімгі шаң-тозаңның ішінен тапқан. Бұл антибиотик мүлдем өзгеше сипатта екен. Ғалымдар микроорганизмдердің оған бейімделуі мүмкін емес екендігін айтады. Профессор Ким Льюис бұл антибиотикті табиғаттың өзі ұсынғанын атап өткен.

Жалпы, 2015 жылы ғылым мен техника саласында көптеген жаңалықтар ашылды. Әйгілі «Тесла» компаниясы электромобильдерге орналастыратын батареялардың тұрғын үйлерге арналған жаңа түрін жасап жатыр. Ғарышта Жерге ұқсас ғаламшар, аса үлкен галактикалар табылып жатыр. Адамзат баласының қолымен жасалған ғарыш аппараттарының бірі Плутон ғаламшарының орбитасына жетті. Фотоларды да жолдап жатыр. Биологтар кәдімгі шыбынның өмірін 70 пайызға ұзартқан. Енді осы тәсіл арқылы адамзаттың өмірін ұзарту мәселесін де қарастыруда. Адам үшін қолданбұлшық ет жасалды биыл. Термоядролық реактор құрылысы қарқынды жүруде. Смартфондарға арналған микроскофтар да жасалды. Роботтарға да «ақыл кіріп» келеді. Қысқасы, әлемде ғылым мен техниканың дамуы айырықша қарқынмен жүріп жатыр. Отандық ғалымдар да бұл процестен тыс қалған жоқ. Термоядролық синтез жасау, одан электр қуатын алу идеясын сонау 70 жылдары қазақстандық ғалымдар айтса керек. Қазір де бұл бағытта біраз жұмыстар атқарылып жатқаны анық. Оған Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлық иегері атанған ғалымдардың еңбегі куә.


kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу