Испанияда 40-тан астам кәсіподақ ұйымы мен қауымдастық орталық үкіметке қарсы ереуіл жариялады. Олар полицияның Каталониядағы тәуелсіздік туралы референдумды күшпен тоқтату әрекетіне наразы.
Каталан үкіметінің мәліметінше, қазанның 1-де тәртіп сақшыларымен болған қақтығыстарда 800-ден астам адамға медициналық көмек қажет болған. Бұған ашынған Барселонаның метро қызметі жергілікті уақытпен таңғы сағат 06:30-дан 09:30-ға дейін және кешкі сағат 17:00-ден 20:00-ге дейін өз жұмысын доғаратынын ескертті. Қарсылық акциясына «Барселона» футбол клубы да қосылмақ.
Дегенмен, Испания үкіметі жексенбіде каталандықтардың 90 пайыздан астамы тәуелсіздікке дауыс берген референдумды конституцияға қайшы деп есептейді. Ресми Мадрид корольдік аумағының бөлшектенбейтінін мәлімдеп келеді.
Арыстан РЫСБЕК