Қырғыз оппозициясының лидері Өмірбек Бабанов жексенбіде өткен президенттік сайлауда жеңілгенін мойындады. Бұл турасында ол осыдан бірнеше сағат бұрын мәлімдеме жасады. Оппозиционер наразылық акциясын жоспарлап отырмағанын айтты. «Дегенмен, Бабановтың штабы сайлау ережелерінің бұзылуына қатысты шара қолдануы мүмкін»,- деп хабарлайды Рейтер агенттігі. Ал, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының мәлімдеуінше, дауыс беру кезінде «көптеген және айтарлықтай процедуралық проблемаларға» жол берілді. Сонымен қатар, ОБСЕ-нің пікірінше, сайлауда бәсеке байқалып, үгіт-насихат науқанында еркін өтсе де, мемлекеттік ресурстарды дұрыс пайдаланбау мен бюллетендерді сатып алу оқиғалары алаңдатпай қоймады.
Естеріңізге сала кетсек, Қырғызстанда билік алғаш рет бейбіт жолмен ауысып жатыр. Алдын-ала мәліметтерге қарағанда, бұрынғы премьер-министр Сооронбай Жээнбеков 54 пайыздан астам дауыс жинап, жеңіске жетті. Ал, Бабанов 33 пайызға жуық дауыспен екінші орыннан көрінді.
Арыстан РЫСБЕК