Каталонияның Брюссельде жүрген экс-лидері тәуелсіздік үшін үгіт-насихат жүргізу құқығына ие болды. Бельгия соты Карлес Пучдемонды бүгін бостандыққа жіберді. Бұл шешім оның Каталонияда желтоқсанның 21-де өтетін өңірлік сайлау алдындағы үгіт-насихат науқанына қатысуына мүмкіндік беріп отыр.
Айта кетсек, бір айдан астам уақыттан кейін өтетін саяси додаға Пучдемонның партиясы Испаниядан бөлінуді қолдайтын тағы бір партиямен одақ құрмақ. Каталонияның экс-лидері қасындағы 4 жақтасымен Бельгия сотына өз еркімен барғаннан кейін босатылды. Олар рұқсатсыз Брюссельден шықпауы тиіс. Ал, Каталонияда қазанның 1-де өткен тәуелсіздік референдумы Испанияны 40 жылдағы ең ірі саяси дағдарысқа әкелді. Бұл плебисцит әлемнің өзге де бөліктерінде националистік бағытты күшейтіп отыр.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ