Иран-Ирак шекарасында болған алапат жер сілкінісі құрбандарының саны 207-ге жетті. Тағы 1700-ге жуық адам жараланған. 7,3 баллдық зілзаланың ошағы Ирактың Халабджа қаласынан 31 шақырым жерде 23 шақырым тереңдікте анықталды. Табиғи апаттан әсіресе, Иранның Керманшах провинциясы көп зардап шекті. Бұл аудан екі ел шекарасындағы Заргос тауының бөктерінде жатыр.
Иранның «ИРНА» агенттігінің хабарлауынша, жер дүмпуі 14 провинцияда сезілген. Ал, Ирактың Күрдістан автономиясының Сүлеймания провинциясы мен Ханакун қаласында кемінде 6 адам қаза тауып, 200-ден астамы жараланды.
Қазір екі мемлекетте де іздеу-құтқару операциялары жалғасып жатыр. Естеріңізге сала кетсек, 2003 жылы Иранның Бам қаласында 6,6 баллдық жер сілкінісінен 26 мыңдай адам қаза тапқаны белгілі.
Арыстан РЫСБЕК