Пхеньян: баллистикалық зымыран сәтті сыналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пхеньян: баллистикалық зымыран сәтті сыналды

29.11.2017

Бүгін басты халықаралық жаңалық Азияның теріскейінен жетті. Таңертең Солтүстік Корея құрлықтан құрлыққа жететін ракетаның жаңа түрін сынады. Ресми Пхеньянның мәлімдемесіне жүгінсек, бұл баллистикалық зымыран мұхиттың ар жағындағы Вашингтонға да соққы беруге қауқарлы.

Осыдан бірнеше сағат бұрын Солтүстік Корея кезекті құрлықаралық баллистикалық зымыранды сәтті ұшырғанын әлемге жар сала хабарлады. Бұл - қыркүйектің ортасынан бергі алғашқы сынақ. Ракета АҚШ-тың материктік территориясы мен астанасы Вашингтонға да жете алады.

«Хвасон-15» зымыраны 4475 шақырымға жеткен. Яғни, ол Халықаралық ғарыш станциясынан 10 есе биіктіктегі нысанды да жоюға жарап отыр.

Ри Чун Хи, мемлекеттік телеарна дикторы:

- Хвасон-15 құрлықаралық баллистикалық зымыраны - үлкен оқтұмсықпен жабдықталған қару жүйесі. Ол Құрама Штаттардың барлық материктік аумағына соққы беруге қауқарлы.

Осылайша, Пхеньян Құрама Штаттардың ескертуі мен санкцияларға бағынбайтынын тағы да байқатты. Айта кетсек, жақында ғана президент Дональд Трамп бұл мемлекетті терроризмді қолдаушы елдер тізіміне қайта енгізді. Сондай-ақ, Ақ үй басшысы Солтүстік Корея енді ядролық қару сынаса, оған «от пен қаһарын» шашатынын да ескерткені белгілі.

Континентаралық ракета 53 минутта 950 шақырым ұшып, Жапонияның Жапон теңізіндегі ерекше экономикалық аймағына қонған. Сөз жоқ, бұл сынақ бәрінен бұрын Токиомен бірге іргедегі Оңтүстік Кореяны алаңдатты.

Но Ку-Дук, Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрлігінің өкілі:

- Солтүстік Корея өзінің құйтырқы әрекеттерін тағы да қайталап, халықаралық қауымдастық пен Корей түбегіне үлкен қауіп төндірді. Сол үшін біз үкіметіміздің аймақтағы шиеленісті жеңілдетіп, бейбітшілік орнату ниетіне Солтүстіктің осындай жосықсыз шабуыл жасауын қатаң айыптаймыз.

АҚШ та, Жапония да, Оңтүстік Корея да Ким Чен Ын режимінің бүгін таңертең расында да баллистикалық зымыран сынағанын растады. Бірақ, Пентагонға жүгінсек, жаңа ракета Америка мен оның одақтастарына қауіп төндірген жоқ.

Сынақты Ким Чен Ын өзі бақылап, ядролық күштерді құру мақсатына жеткенін мақтанышпен мәлімдеген. Сонымен бірге Солтүстік Корея өзін бүгін «жауапты ядролық держава» деп жариялай отырып, атомдық қарудың тәуелсіздік пен территориялық тұтастықты қорғауға қажет екенін ерекше атап өтті.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу