Соңғы мәліметке қарағанда ол халықты «майданға» барып, Украинаны азат ету процесін бастауға шақырып, парламент маңындағы оппозиция лагерінде болған.
Украина прокуратурасының мәлімдеуінше, Саакашвили қылмыстық топқа көмектескен. Алайда, Одесса облысының экс-губернаторы мұны жоққа шығарып, президент Петр Порошенконы ұры, сатқын деп айыптап отыр.
Арнайы қызмет жасақтары Саакашвилиді үйінің төбесінен түсіріп, минивенге отырғызып алып кеткен-ді. Бірақ, оппозиционерлер машинаның артқы есігін бұзып, Грузияның экс-президентін өз ортасына қайтарды.
Саакашвили Польшадан Украинаға қыркүйекте күшпен кірді. Қазір онда украин азаматтығы жоқ. 49 жастағы саясаткердің ойынша, Порошенко коррупция үшін биліктен кетіп, оның орнына жас адам келуі керек.
Егер қылмысы дәлелденсе, бұрынғы губернатор 5 жылға сотталуы мүмкін.
Михаил Саакашвили 2003 жылы Грузия басшылығына келіп, кейін билікті монополизациялады, сотқа қысым жасады деп сыналды. Сондай-ақ, ресми Тбилиси оны жемқорлық үшін кінәлап, елге экстрадицияланғанын қалап отыр.
Арыстан РЫСБЕК