Осыған орай, Бағдадтың күзеті мықты «жасыл аймағында» әскери парад өтіп, оны сан мың адам тамашалады. Көпшілік алдынан жауынгерлер мен әскери техника сап түзеп өтті.
Ел аумағының толықтай экстремистік топтан азат етілгенін премьер-министр Хайдер әл-Абади жексенбі күні мәлімдеді. Қазір Сириямен арадағы шекара жергілікті армияның бақылауында.
Ирак пен Сирияның басым бөлігі 3 жылдай уақыт бойы «ДАИШ»-тың қарамағында болды. Бірақ, соңғы екі жылда радикалдар өздері басып алған стратегиялық қалалар мен елді мекендерден біртіндеп айырыла бастады. Өткен аптада Ресей де Сирияның «ДАИШ»-тан азат етілгенін жариялады.
Дегенмен, кейбір сарапшылардың пікірінше, «ДАИШ» майдан даласында ойсырай жеңілгенімен, одан төнген идеологиялық қауіп әлі сейілген жоқ. Сондай-ақ, бұл экстремистік ұйым енді партизандық соғысқа кіріседі деген болжам бар.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ