Киевте Порошенкоға қарсы шеруге сан мың адам қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Киевте Порошенкоға қарсы шеруге сан мың адам қатысты

11.12.2017

Киевте сан мың адам шеруге шығып, оппозиция лидері Михаил Саакашвилиді түрмеден босатуды талап етті. Сондай-ақ, демонстранттардың пікірінше, грузиялық саясаткерді қамағаны үшін мемлекет басшысына импичмент жариялануы тиіс.

Саакашвили жұма күні тұтқындалды. Жергілікті үкіметтің мәлімдеуінше, ол ресейлік бизнесменмен сыбайласып, Порошенконы биліктен құлатуды жоспарлаған. Мұны мойындамаған Саакашвили түрмеде аштық жариялады.

Қазір оған еліне депортациялану қаупі төніп тұр. Грузин үкіметі Саакашвилиді қызметін асыра пайдаланды деп, жауапқа тартқысы келеді.

Михаил Саакашвили Грузияны 2003 жылғы революциядан кейін екі мерзім басқарды. Осы уақыт ішінде ол коррупцияны жойғанымен, Ресеймен соғысты, авторитаризмге бет бұрды деп қатаң сынға ұшырады. Ал, 2015 жылы Саакашвили Одесса облысының губернаторлығына тағайындалып, кейін Украина басшылығын жемқорлықпен күреске кедергі жасады деп кінәлады. 

Сандра Рулофс, Михаил Саакашвилидің әйелі:

- Көптеген адамдар өзгерісті қажет етіп отыр. Әрине, қасымызда Михаилдың болмағаны қиын. Ол айтып еді: полиция мені ұстағанда, ештеңеге қарамай шеруді жалғастырыңдар, себебі, Украина өзгеріске мұқтаж деп. Украина жақсы елге айналуы тиіс. Бұл мақсатқа коррупциямен күрес арқылы жетуге болады.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу