АҚШ-тың Украинаға ажал қаруын жіберу туралы шешімі Донбасста жаңа соғыстың басталуына себеп болады. Мұны бүгін Ресей президентінің әкімшілігі ескертті. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзінше, Америкадан жеткен арсеналды Украина ұлтшылдары қолға алып, елдің шығысында қан төгуі ғажап емес.
Ал, АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Хизер Нойерттің мәлімдеуінше, Вашингтон Киевке қаруды тікелей сатайын деп отырған жоқ. Яғни, Украина ірі калибрлі снайперлік винтовкалар мен автоматтарды, зеңбіректер мен дыбыс басушыларды және оптикалық көздегіштерді америкалық өндірушілерден өзі сатып ала алады.
Айта кетсек, Америка әкімшілігінде Украинаға қару беру мәселесі 2014 жылы Қырым аннексияланып, Донбасста әскери жанжал басталғалы талқыланып келеді.
Арыстан РЫСБЕК