АҚШ-тың Калифорния штатында тасқын мен лай көшкіні жүріп, 13 адам қаза тапты. Тағы 25-ке жуығы түрлі жарақаттармен госпитальге түскен. Бұл туралы «Рейтер» агенттігі хабарлап отыр. Апаттық жағдайға толассыз жауған жаңбыр себеп болған. Санта-Барбара мен Лос-Анджелес қалаларының маңындағы тас жолдарды су басып, көлікпен жүру мүмкін емес. Осыдан бірер сағат бұрын келіп түскен мәліметтерге қарағанда, 7 мыңнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Адамдарды қауіпсіздік мақсатында эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр. Жергілікті билік тұрғындарға сақтанып, алыс жолға шықпауға кеңес берді.
Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ