Түрік армиясы Сирияның солтүстігінде әскери операцияны жалғастырып жатыр. Өйткені, онда АҚШ-қа арқа сүйеген күрд қарулы отрядтары күндердің күнінде Түркияның өз ішінде сепаратизмді қоздырады деген қауіп бар. Сонымен қатар, Вашингтон бұл аймақта 30 мың адамдық әскер құратынын жариялады. Оның құрамына күрд содырлары да кірмек. Мұндай жоспар Анкараға ғана емес, Мәскеуге де ұнамады.
Түріктің жаяу әскері Сирияның солтүстігіне сенбі күні басып кірді. Оған жергілікті оппозицияның 25 мыңдай содыры көмектесіп жатыр. Бұл науқан «Зәйтүн бұтағы» деп аталады. Оның мақсаты – күрдтер басып алған Африн қаласы мен оның айналасындағы ауылдарды арабтарға қайтару. Сөйтіп, күрдтердің халықты қорғау отрядтарын Түркия шекарасынан мейлінше алшақтату. Өйткені, Анкара оларды түрік жерінде ондаған жылдар бойы тәуелсіздік үшін күрескен Күрдістан жұмысшы партиясының жалғасы немесе «террористер» деп есептейді.
Реджеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
- Біз Афринді қолға аламыз. Шегінерге жол жоқ. Бұл мәселені Ресейдегі достарымызбен талқыладық. Арамызда келісім бар. Өзге де одақтарымызбен де сөйлестік. Олардың ішінде Құрама Штаттар да бар.
Операция Ресей жауынгерлері мен офицерлері Африннен кетісімен басталды. Сондықтан, қазір күрдтер Мәскеуді өздерін сатып кетті деп айыптап отыр. Түркияның Сирияға әскер кіргізуіне Вашингтонның жоспары да себепші. АҚШ Сирияның Түркиямен, Иракпен шекаралас аудандарында 30 мың адамдық күш құрып жатыр. Оның мүшелерінің дені – күрдтер. Америка «мұндай күш «ДАИШ»-ты елге қайта кіргізбеу үшін керек», дейді. Бірақ, түрік үкіметіне сенсек, «ДАИШ» баяғыда талқандалған. Ал, Ресей Сирияның солтүстігі Америка ықпалына түспесін деп, Түркияны тоқтатпады ма? Бұл сауалға әзірге жауап жоқ. Ресми түрде Мәскеу АҚШ-тың сириялық күрдтерді қолдауын арандату деп мәлімдеді.
Сергей Лавров, Ресей Сыртқы істер министрі:
- Түсінуге тырысып көрсек, Вашингтонның мұндай саясатының астарында не жағдайды толық білмеу, не әдейі арандату ниеті жатыр деп топшылауға болады.
Кейбір мәліметтерге қарағанда, Сирияда жаңа ашылған майданда күрдтер 26 содыр, Түркияға жақтас 19 көтерілісші және 24 бейбіт тұрғын қаза тапты. Түрік армиясы қанша жауынгер жоғалтқаны әзірге белгісіз.
Африн – Түркияға сүйенген көтерілісшілер бақылауындағы екі ауданның ортасында орналасқан анклав. Мұнда күрдтердің 10 мыңдай содыры шоғырланған. Америкашыл Сирия демократиялық күштері мәлімдегендей, оларға тағы сан мың адамды көмекке бара алады.
Айта кетсек, бүгінде күрдтер Сирияның шығысында 25 пайыз территорияны бақылауға алып, онда автономиялық дәрежеде өмір сүріп жатыр.
Арыстан РЫСБЕК