Ирандағы ұшақ апатынан 65 адам қаза болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ирандағы ұшақ апатынан 65 адам қаза болуы мүмкін

19.02.2018

Бүгін күн ашылса, Иранда құлаған ұшақты іздеу операциясы қайта жалғасады. Айта кетсек, мұнда авиациялық апаттан өткен тәулікте 65 адам қаза тапқан болуы мүмкін. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, жолы болмаған бортта қазақстандық жолаушылар болмаған.

Іздеушілер мен құтқарушылар құлаған ұшақты табуға қанша әрекет етсе де, оларға қолайсыз ауа райы кедергі болып отыр. Қазір басты мақсат – әуе машинасының жатқан жерін анықтау. Соңғы мәліметке қарағанда, қос моторлы АТР-72 ұшағы Исфахан провинциясының Семиром қаласының маңына құлады. Ол Тегеранның Мехрабад әуежайынан елдің оңтүстік-батысындағы Ясудж қаласына бара жатып, радар экранынан ғайып болған.

Мехр Әлизаде, Исфахандық ресми өкіл:

-Әзірге білеріміз, ұшақ Падена ауданына қарасты Биде және Қағанхан деген екі ауылдың ортасына құлады. Бұл елді мекендер Семиром қаласынан 180 шақырым жердегі Дена деген тау бөктерінде орналасқан.

Іздеу операциясына 100-ден астам адам жұмылдырылды. Бірақ, әзірге нәтиже жоқ. Ұшақ таулы жерге құлаған. Оның үстіне, жел соғып тұр, тұман қою, қар қалың. Сондықтан, тікұшақтар авиациялық машинаның жатқан жеріне жете алар емес. Көмекке 70-ке жуық альпинист те жіберілді.

«Асеман әуе жолдары» компаниясының баспасөз хатшысы Мохаммад Табатабайдың мәлімдеуінше, 3704-ші рейстегі 59 жолаушы мен экипаждың 6 мүшесі түгелдей қаза тапты. Олардың туған-туыстары көкке көтеріліп, жерге оралмаған жақындарынан тағатсыздана хабар күтіп отыр.

Ұшақ апаты құрбанының туысы:

-Таңертеңнен бері туыстарыма телефон соғып жатырмын. Жауап жоқ. Сондықтан, ағама хабарласып, жаңбыр жауып тұрғанын, рейстің дер кезінде жетпегенін айттым. Ол алаңдама деді. Бірақ, кейін ағам өзі маған хабарласып, ұшақтың құлағанын жеткізді.

80 миллион халқы бар Иран - әлемде толық игерілмеген ең үлкен авиациялық нарықтардың бірі. Мұнда 2011, 2009, 1993 жылдары болған үлкен ұшақ апаттарынан жүздеген адам қаза тапты. Ал, 1988 жылы шілде айында америкалықтар абайсызда атып түсірген лайнердің бортында 290 адам мерт болғаны белгілі.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу