Сирия аумағында Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің атысты 30 күнге тоқтату туралы қарары орындалмай отыр. Ол резолюция сенбі күн қабылданды. Бірақ, «ВВС»-дің хабарлауынша, үкіметтің әскери әуе күштері көтерілісшілер бақылауындағы Шығыс Гута ауданына соққы беруді тоқтатқан жоқ. Жексенбіде бұл шабуылдардан 3 адам қаза тапқан. Оппозицияның мәліметінше, Асад армиясы қалаға бірнеше бағыттан шабуылдауға тырысып жатыр.
Франция мен Германия лидерлері Ресей президенті Владимир Путинге телефон шалып, аталған қарардың бұзылмауына көмектесуге өтініш білдірген. Уақытша бітімді пайдаланып, бомбалаудан жапа шеккен елді мекендерге гуманитарлық көмек жеткізу және жараланғандар мен науқастарды көшіру көзделіп отыр.
Айта кету керек, Шығыс Гута - Сирия астанасы маңында қарулы көтерілісшілер ұстап тұрған соңғы ірі аудан. Мұнда осы айдың ортасынан бері авиациялық соққылардан жүздеген бейбіт тұрғын қаза тапты.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ