Израиль полициясы премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың резиденциясына барып, алғаш рет жауап алды. Өйткені, бұл саясаткердің «Безек» деген алып телекоммуникациялық компания төңірегіндегі коррупциялық дауға қатысты болуы мүмкін. Үкімет басшысы пара алды деген болжам бар. Егер айыбы дәлелденсе, төрт рет премьер болған Нетаньяху қызметімен қош айтысуы ғажап емес. Дегенмен, ол тағылған кінәні мойындамай отыр.
Тергеу деректеріне қарағанда, «Безек» компаниясы өзіне қарасты «Валла» деген ақпараттық портал арқылы Нетаньяху мен оның әйелі жайлы жағымды материалдар жариялаған. Сондай-ақ, сол қызметі үшін телекоммуникациялық кәсіпорын билік тарапынан жеңілдіктерге ие болса керек.
Арыстан РЫСБЕК