Кемерово қаласындағы өрттен 64 адам қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кемерово қаласындағы өрттен 64 адам қайтыс болды

26.03.2018

Ресейдің Кемерово қаласында болған жойқын өрттен 64 адам көз жұмды. Кеше түстен кейін басталған сауда орталығындағы өрттің тез тарағаны соншалық, құтқарушылар келгенше қызыл жалын ғимараттың біраз бөлігіне тарап үлгерген. Куәгерлердің айтуынша, өрттен сақтандыру дабылдары жұмыс істемеген. Тіпті, сауда кешенінде жарық өшіп, далаға шығатын апатты есіктер ашылмай қалған. Түтінге тұншығып өлгендердің арасында балалар көп.

«Зимняя вишня» - Кемероводағы ең үлкен сауда кешендердің бірі. Бұл жерде түрлі дүкендермен қатар, монша, бассейн, боулинг- клуб, қаладағы ең үлкен кинотеатр және балалар ойнайтын орталық болған. Алапат өрт дәл осы кинотеатр мен балалар бөлмесінің жанынан басталған. Кейін көзді ашып-жұмғанша ғимараттың өртенген тұсының төбесі опырылып түскен. Тілсіз жау 64 адамның өмірін жалмады.

Евгений Дедюхин, РФ ТЖМ Кемерово облысы бойынша басқарма бастығының орынбасары:

- Жексенбі күні сағат 16:10-да сауда үйінің 4-ші қабатын түтін басты деген ақпарат түсті. Ол жерде балалар ойнайтын бөлме мен кинотеатр болған. Барлығы 1500 шаршы метр өртенді. Біз оны сөндіру үшін барлық күшімізді жұмсап жатырмыз. Бірақ, мұндай үлкен өртті бірінші рет көріп тұрмын.

Кеше түстен кейін басталған өртті құтқарушылар түн ортасында әзер сөндірді. Алайда, бүгін түсте ғимараттың бір бөлігінен қайтадан түтін шықты. Оқиға орнында өрт сөндірушілер жұмыс істеп жатыр. Ал, Ресейдің Тергеу комитеті қылмыстық іс қозғады.   

Светлана Петренко, РФ Тергеу комитетінің ресми өкілі:

- Тергеушілер күн-түн демей жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның куәгерлерінен, зардап шеккендерден жауап алып жатырмыз. Қылмыстық іске қатысты әзірге 4 адам ұсталып, тергелді. Енді Ресейдің Тергеу комитеті өрт қауіпсіздігінің сақталуын бақылайтын орган басшыларының әрекетіне қатысты өзінің құқықтық бағасын береді.   

Апатттан зардап шеккен 20-ға тарта адам ауруханада жатыр. Олардың арасында түтінге тұншыққандар да, 4-ші қабаттан секіріп кеткендер де бар. Ал, дәл осы уақытта  ғимаратта болды деген тағы 16 адамның тағдыры белгісіз. Олардың туған-туыстары жандарын қоярға жер таба алар емес.

Қайтыс болған, зардап шеккен адамдар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі, ақпарат сәт сайын жаңарып жатыр. Мамандар қазірдің өзінде бұл соңғы 100 жылда Ресейде болған ең үлкен өрттің бірі деп отыр. 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу