Бұл жолы халық Алча ауылында басқосты. Мұнда түрлі ұлт өкілдері жиналып, салт-дәстүрлерін паш етті. Айтулы шарада бауырсақ таратылып, Наурыз көже ұсынылды. Ал, өзбек ұлтының өкілдері қазан-қазан палау пісіріп, ұлттық тағамынан дәм татқызды. Краснояр ауданында 17 мыңға жуық қазақ тұрады. Сондай-ақ, 54 өзге ұлт өкілі бір-бірімен тату тәтті өмір сүруде. Олар жылда Наурыз мерекесін асыға күтіп, ерекше көңіл-күймен тойлайды. Достықтың жалауын көтеріп, әз-Наурызда басқосқан халық, ақжарма тілектерін айтып, мәре-сәре болды.
Ғалиасқар Сариев, Алча ауылының тұрғыны:
- Ата-бабаларымыздың Ресейге келіп тұрғанына биыл 100 жыл болады. 1 ғасыр. Бірақ, өзіміздің қазақы қанымыз, жүрегіміз қазақ деп соғады. Бүкіл қазақстандықтарға сәлем айтамын! Наурыздан наурызға аман жете берейік!
Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ