Ұлыстың ұлы мерекесі Еуропа төрінде де тойланды. Қарт құрлықтың түкпір-түкпіріндегі қазақтар Бельгияның Антверпен қаласына жиналып, Наурызды бар сән-салтанатымен атап өтті. Шара Бельгия қазақтарының басын біріктіріп отырған «Шаңырақ» ұйымының 10 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Торқалы тойға елімізден де біраз кісі аттанып, ән-жырдан шашу шашты.
Елден келген қазақтар мен Еуропадағы қандастарымыздың қуаныштарында шек жоқ. Көрмегелі көп жылдың жүзі болған. Құшақтасып, көрісіп, бір-біріне құтты болсын айтып жатыр. Шартарапқа шашыраған қандастардың басын қосып, Наурызды бірге тойлауға шақырған Бельгия қазақтарының «Шаңырақ» ұйымының төрайымы Ақмарал Әмірқұлова.
Ақмарал Әмірқұлова, Бельгия қазақтарының «Шаңырақ» ұйымының төрайымы:
- Наурыздың мақсаты - тек қана қазақтардың басқосуы емес, бірігіп, мәдениетімізді, тілімізді сақтап қалу. Шетелде тұрсақ та, өзіміздің шыққан жерімізді, тегімізді білуіміз керек. Сондықтан да, балаларға, ұрпаққа үлгі болсын деп, осындай ірі тойларды өткізіп тұруымыз керек.
«Той дегенде қу бас домалайды», деп мақалдатқан Амангүл әже Даниядан арнайы келіпті. 83 жастағы кейуана шашу шашып, қонақтарды қуантты. Ұлық мерекеге әжейдің Австрия, Германия, Норвегия, яғни, қарт құрлықтың түкпір-түкпірінде тұратын бауырлары, құрбылары, туыстары жиналды.
Амангүл Боранбай, Данияда тұратын қазақ:
- Наурыз тойларың құтты болсын. Аман болыңдар. Жылдан-жылға жете берейік!
Гүлжан Иша, Нидерландта тұратын қазақ:
- Наурыз құтты болсын. Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын. Қош келдіңдер! Той құтты болсын!
Еуропадағы қандастармен қауышуға ел қазақтары да асығып жетіпті. Құр қол келмей, сый-сияпаттарын ала келген. Жібек орамал, күміс сырға, үкілі домбыра. Тіпті, қазақ телевизиясының ардагері Гүлмәрия Барманбекова туған жердің бір уыс топырағын Еуропа қазақтарына тарту етті. Тосынсый атамекенін аңсаған қандастарымыздың жүрегін елжіретті. Қасиетті топырақ эстафета ретінде келесі Наурызды өткізетін елге табысталып отырады. Ұлттық ән-күй де алыстағы Алаш ұрпақтарының көңілін марқайтты.
Мерекелік концерттен соң көпшілік қазақстандық дизайнерлердің топтамасын тамашалады. Заманауи үлгіде тігілген ұлттық киімдерді Еуропадағы қандастар жоғары бағалады. Әрі ұнатқан қамзол-көйлектерін, ұлттық әшекей бұйымдарды көптеп сатып алды. Бельгиядағы Наурыздан осылай олжалы болған қазақтар келесі жылы ұлыстың ұлы мерекесін Данияда тойлауға уағдаласты.
Нұрсұлу ҚАСЫМ