Страсбургте Сирия мәселесі талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Страсбургте Сирия мәселесі талқыланды

18.04.2018

«Еуропалық Одақ Женева мен Астана алаңдарындағы Сирия мәселесін реттеуге қатысты келіссөздерге қосылуы керек». Страсбургте өткен Еуропарламент отырысында Еуропалық парламенттің Франция тарапынан депутаты Жан-Люк Шаффаузер осылай мәлімдеді. Шам еліндегі мәселені талқылаған жиынға Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могерини де қатысты. Жоғарғы өкіл Сириядағы ахуалға байланысты келесі аптада Брюссельде өтетін донорлық конференциядан көп үміт күтіп отыр. Айтуынша, маңызды басқосуға әлемнің 80 елінен делегат қатысады.

«Аймақтық, халықаралық басты ойыншыларды Сирия үкіметі мен оппозициясының өкілдерін бір үстел басына жинау арқылы оңтайлы саяси шешімге қол жеткізуіміз мүмкін», -дейді саясаткер. 

Федерика Могерини, Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі:

7 жылға ұласқан соғыс Сирия мәселесін әскери шешім шешпейтінін көрсетті. Саяси келіссөздер жүргізбейінше, Сириядағы эскалация әрі қарай жалғаса береді. Бейбіт, біріккен, демократиялық ел құру үшін БҰҰ бастамасымен Женева келіссөздерін жандандыру жалғыз жол. Еуропа халықаралық қауымдастық болып саяси келіссөзге қол жеткізу үшін барлық күш-жігерімізді біріктіруіміз керек. Біз Брюссельдегі конференцияға Сирия үкіметіне, топтарына ықпалы күшті, бірақ Женева келіссөздеріне әлі қосылмағандарды қатыстыру үшін тынбай жұмыс істеп жатырмыз.        

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу