Сирияға гуманитарлық көмек көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сирияға гуманитарлық көмек көрсетіледі

26.04.2018

Халықаралық қауымдастық Сирия халқына гуманитарлық көмек көрсетуге 8 млрд. доллардай қаржы бөлмек. Бұл туралы Шам еліндегі дағдарысқа байланысты Брюссельде өткен донорлық конференцияда мәлім болды. Екі күнге созылған жиын барысында 85 елден келген меймандар Сирия дағдарысын шешу, соғыстан зардап шеккен халыққа гуманитарлық көмек көрсету жайын талқылаған болатын. Шара қорытындысы бойынша қатысушылар Женева келіссөздерін жандандыру, сондай-ақ, «Астана процесі» аясындағы тұтқындар жөніндегі жұмыс тобына жәрдемдесетін тұрақты хатшылық құруды бірауыздан қолдады.  

Федерика Могерини, Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі:

- Әскери шешім Сириядағы жанжалды шешпейтінін, оны тек саяси процесті жандандыру арқылы ғана шешуге болатынын барлық елдің өкілдері мойындады. Саяси шешім қабылдауда БҰҰ рөлі зор. Осы ретте, БҰҰ жетекшілігімен Женевада сириялықтар басқаратын конституциялық комитет құру туралы ұсыныс дер кезінде жүзеге асырылуы тиіс. 

Кристос Стилианидес, Гуманитарлық көмек және кризистік басқару бойынша еурокомиссар:

- Делегаттар биылғы жылға сириялықтарға гуманитарлық көмек ретінде $4,4 млрд, келесі жылға $3,4 млрд аударуға міндетеме алғанын қуана жеткізгім келеді. Еуропалық Одақ 2019 жылға дейін $6 млрд. бөлуге уәде етті. Яғни, біз ең ірі донормыз. Осы қаражаттың тиімді, мақсатты жұмсалуына барлығымыз жауаптымыз.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу