Мәскеу қаласында Жеңістің 73 жылдығына арналған әскери парад өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеу қаласында Жеңістің 73 жылдығына арналған әскери парад өтті

09.05.2018

Бүгін Мәскеу қаласында Жеңістің 73 жылдығына арналған әскери парад өтті. Қызыл алаңда ұйымдастырылған салтанатты шараға Ресей Қарулы күштерінің сарбаздары және әскери техниканың түр-түрі қатысты.

Әскери парадқа 13 мың жаяу жауынгер қатысты. Сымдай тартылған сарбаздар сап түзеп, бірдей қимылдаған күйі, Қызыл алаңнан кезектесіп жүріп өтті. Соғыс жылдарында да, сан алуан ұлттың өкілдері дәл осылай тізе қосып, жауға қарсы шайқасқан. Ол күндер қарт жауынгерлердің әлі есінде.  

Иван Никонов, соғыс ардагері:

- Соғыс жылдарында көптеген қазақ сарбаздарымен бірге жаумен шайқастық. Біз Бауыржан Момышұлының, Панфилов дивизиясының ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Соғыста қазақ, орыс, украин сынды барлық ұлт тату болдық. Осы достығымыз ешқашан үзілмесін.

Виталий Павличенко, соғыс ардагері:

- Қазақ деген өте керемет халық. Кезінде мен әскери қызметпен барып, Қазақстанда біраз жыл тұрдым. Сондықтан, қазақтарды өте жақсы білемін. Бүгінгі мереке қарсаңында өзімнің достық пейілімді білдіріп, ұлы қазақ халқына береке-бірлік, табыс тілеймін.

Жаяу әскерден соң алаңға, жалпы саны 159 әскери техника шықты. Олардың арасында «Терминатор» атты ұрыс машинасы мен «Уран 6» роботы, көпшілікке биыл тұңғыш рет көрсетілді.

Әскери шерудің соңында 80-ге тарта ұшақ пен тікұшақ көкке көтерілді. Сағатына 600 шақырымды бағындыратын түрлі әуе көліктері 300 метр биіктікте ұшып өтті.

Қызыл алаңда жыл сайын өтетін әскери парадтың бір-бірінен аса көп айырмашылығы жоқ. Биыл да бұл шара жылдағы дәстүрге сай өтіп, шамамен 1 сағатта аяқталды. Ал, қарапайым халық Жеңіс күнін күні бойы тойлады. Себебі, 9 мамыр Ресей үшін ең ұлық мерекенің бірі.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу