Бельгиялықтар үкіметтің жаңадан қабылданатын зейнетақы реформасына наразылық білдіруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгиялықтар үкіметтің жаңадан қабылданатын зейнетақы реформасына наразылық білдіруде

16.05.2018

Бельгиялықтар бүгін жұмысты қойып, жаппай шеруге шықты. Ел астанасы Брюссельге жиналған халық үкіметтің жаңадан қабылданатын зейнетақы реформасына наразылық білдіріп жатыр. Бізбен Брюссельден тілшіміз Нұрсұлу Қасым байланысқа шығып, баяндайды.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

-Наразылық шарасына елдің түкпір-түкпірінен дәрігерлер, мұғалімдер, әлеуметтік сала мамандары, өнеркәсіп орындарының жұмысшылары әлі келіп қосылып жатыр. Шеруді ұйымдастырушы үш кәсіподақ ұйымының басшылары 100 мыңнан астам адам қатысады деп отыр. Мұғалімдер жұмысқа шықпағандықтан, Брюссельдің бірқатар мектептерінде бүгін сабақ болмады. Сондай-ақ, жолаушылар тасымалдаумен айналысатын компаниялар да қызмет көрсетуден бас тартқандықтан, метро, автобус, трамвай, яғни, қоғамдық көлік те тоқтады. Шерушілер үкіметтің жаңа зейнетақы реформасына қарсы. Онда зейнетке шығу жасын қазіргі 65-тен 67-ге дейін ұзарту жоспарда бар және зейнетақы балдық жүйе бойынша тағайындалмақ.

Вансгейл Хеертс, мұғалім:

-Балдық жүйе өте ыңғайсыз, түсініксіз. Маңдай теріңді төгіп жұмыс істейсің, бірақ, қартайғанда қанша зейнетақы алатыныңды білмейсің. Тіпті, сонша жыл істеп, ең төменгі зейнетақы алуың да әбден мүмкін.  Ол тек зейнетке шығардың алдында ғана есептеледі.

Әли Гуннет, мемлекеттік қызметкер:

-Үкімет осы жүйені енгізіп, біздің есебімізден экономикалық шығындарды қысқартуды көздеп отыр. Әйтпесе, еңбек өтілің, зауыт, фабрикада, ауыр өндірісте істегенің бәрі ескерусіз қалады.  Біз бұған жол бермеуіміз керек. 

Үкімет жаңа зейнетақы реформасын 2025 жылға қарай жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Кәсіподақ өкілдері «заң осы күйінде қабылданатын болса, қарттардың зейнетақысы ай сайын 300 еуроға азаяды»,-дейді. Қазір Бельгияда ең  төменгі зейнетақы - 865 еуро.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

-«Мұның өзі түкке жетпейді», - деп халық қатты ашулы. Полиция қызметкерлері ереуілдің соңы тәртіпсіздікке ұласып кете ме деп сескеніп, шеруді ұйымдастырушыларға қарсы қолдануға үлкен қысыммен жіберілетін су мен көз жасаурататын газды дайындап отыр.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу