Таиланд астанасы Бангкок көшелерінде 4 жыл бойы билікте отырған әскери хунтаға қарсы шеру өтті. Демонстранттар қыркүйекте елде демократиялық сайлау өткізуді, әскерилердің биліктен кетуін талап еткен. Олар полиция қоршауын бұзып өтпек болғанымен, күшпен тоқтатылды. Тай армиясы 2014 жылы сол кездегі үкіметке қарсы шерулер кезінде билікке келіп, сыбайлас жемқорлықты жоюға және 2015 жылы сайлау өткізуге уәде берген еді. Алайда, сол сайлау бірнеше мәрте кейінге қалдырылып, енді 2019 жылдың ақпанына белгіленіп отыр.
Халық әскери хунтаның қажетті реформаларды жүзеге асырмауына және экономиканың нашарлауына наразы.
Қазіргі әскери заңға сай, корольдікте кез келген наразылық акциясына тыйым салынған. Сондықтан, полиция шеру кезінде демонстранттарға қарсы күш қолдануы мүмкін екенін ескертті.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ