Ұлыбританияда ресейлік экс-агент Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияны улаған бірнеше адам анықталды. Жергілікті полицияның сөзінше, олар да – ресейліктер. Мұны бүгін «Пресс Ассошиэйшн» басылымы хабарлады.
Ресей барлау қызметінің бұрынғы полковнигі Скрипаль ондаған әріптесін Британияның Ми-6 шетелдік барлау қызметіне көрсетіп бергені үшін Мәскеудің наразылығына тап болған-ды. Оған және қызына биыл наурыздың 4-де жүйкені зақымдайтын «новичок» деген умен шабуыл жасалды. Сол күні олар Солсбери қаласында ес-түзсіз табылған.
Британ полициясы Скрипальдарға ресейліктер қастандық жасағанына күмән келтіріп отырған жоқ. Алайда, Кремль мұны үнемі жоққа шығарып келеді.
Айта кетсек, жақында дәл осы «новичоктан» Солсбери маңында британдық әйел қайтыс болды.
Арыстан РЫСБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.