Грекияда  орман өртінен 79 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Грекияда  орман өртінен 79 адам қаза тапты

25.07.2018

Грекияда үш күн қаралы деп жарияланды. Мұнда алапат орман өртінен қаза тапқандар саны 80-ге жуықтап отыр. Дүйсенбіде тұтанған өрт қазір бақылауға алынды. Дегенмен, күн шыжып тұрғандықтан, тілсіз жау ормандарды қайта шарпуы мүмкін. Отпен күресте Грекияға көршілес мемлекеттер де көмектесіп жатыр.

Соңғы мәліметтерге сай, Грекиядағы орман өрті 79 адамның өмірін жалмаған. 180-нен астам кісі зардап шегіп, ауруханға түсті. Құрбандар мен жараланғандар арасында балалар, қариялар бар. Өрт ел астанасы Афины айналасындағы елді мекендерді шарпыған. Ал, қаладан 40 шақырым жерде орналасқан және туристер арасында танымал Мати ауылы апаттан қатты зардап шекті. Лапылдаған жалын оның жан-жағын жылдам шарпығаны сонша, адамдар қашып құтыла алмай, кейбіреулері көліктерінде тірідей жанып кеткен. Теңізге жақын жерден бір-бірімен құшақтасқан күйде өртеніп кеткен отбасы мүшелерінің мәйіті де табылды.

Неос Вутзас, тұрғын:

Өрт артымыздан қалмады. Одан қаша алғандар құтылды. Бір кезде мен соңымнан жүгіріп келе жатқан адамның өртеніп жатқанын көрдім.

Джина, журналист:

Адамдар бір кварталдай жердегі теңізге жетуге асықты. Бірақ, көбі жолда кедергі тастардың жатқанын білмей, от қоршауында қалып, өртеніп кетті.

Қайғылы оқиғаға орай Грекияда үш күн аза тұтылады. Елде соңғы он жылда бұдан үлкен өрт болмапты. Сағатына 100 шақырым жылдамдықпен соққан жел оның тез таралуына көмектесті. Жасыл желектер мен үйлерді, адамдарды, көліктерді күлге айналдырған өртті сөндіруге жүздеген маман, тікұшақтар, қайыққа мінген құтқарушылар тартылды. Сонымен қатар, Грекияға Италия, Франция және Польша көмектесіп жатыр. 

Алексис Ципрас, Грекия премьер-министрі:

Мұндай уақытта қандай сезімде екенімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Еліміз аса ауыр трагедияны бастан кешіп жатыр. Дәл қазір қайғыға берілмей, бірігіп, апатпен күресу маңызды.

Әзірге, алапат өрттің неліктен тұтанғаны белгісіз. Оны біреулер қасақана ұйымдастыруы мүмкін деген болжам бар.

Оқиғаға байланысты тергеу жүріп жатыр. Бұған қоса, ел аумағында алдағы күндері күн тіпті ысуы ғажап емес. Сол себепті, қазір өртті толықтай сөндіру маңызды болып тұр.

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу