Орталық Африка Республикасында 3 ресейлік  журналист тонаушылар шабуылынан қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орталық Африка Республикасында 3 ресейлік  журналист тонаушылар шабуылынан қаза тапты

03.08.2018

Орталық Африка Республикасында жүрген ресейлік түсірілім тобы мүшелері  өздерін тонамақ болған белгісіз адамдардың шабуылынан қаза тапқан. Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінше, журналистер қаза тапқан жерге тергеушілер жіберілген.

Сонымен бірге, Мария Захарова журналист Орхан Джемаль, режиссер Александр Расторгуев пен оператор Кирил Радченко африкалық мемлекетке барарда және жеткеннен кейін тиісті органдармен байланыс жасамағанын айтты. Марқұмдар документальдық фильм түсіру үшін сол елдегі мемлекеттің бақылауынан тыс қауіпті аймаққа рұқсатсыз  өтіп кеткен. Олар тамыздың 1-де Банги қаласынан Бамбари қаласына бара жатқан жолда біреулердің атқан оғынан қаза тапты.

Мария Захарова, Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Тергеудің алғашқы нәтижелері Орталық Африка Республикасында жүрген ресейлік журналистердің белгісіз біреулердің шабуылына қарсы тұруға әрекет жасаған кезде қаза тапқанын көрсетті. Марқұмдар Біріккен Ұлттар Ұйымы миссиясына немесе Орталық Африка Республикасы мен осы елдің ресми құрылымдарына өздерін тіркеу туралы өтініш бермеген.

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу