Мәскеу қаласында Құрбан айт мерекесі тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеу қаласында Құрбан айт мерекесі тойланды

21.08.2018

2,5 миллион мұсылман тұратын Мәскеу қаласы да бүгінгі мерекені лайықты қарсы алды. Мыңдаған адам қаладағы мешіттер мен арнайы дайындалған алаңдарда, тіпті, кәдімгі көлік жүретін көшелерде Айт намазын оқып, бір-бірін құттықтады.

Мәскеулік мұсылмандар бүгін таң атпастан мешіттерге ағылды. Қала бойынша бірнеше жерде Құрбан айт намазы ұйымдастырылды. Соның ішінде ең үлкені Мәскеудегі мұнаралы мешіт. Алайда, адамның көптігі сонша, мешітке сыймаған жұрт айналадағы көшелерге лық толды. 

Мәскеу мұсылмандары үшін көшеде намаз оқу үйреншікті жайт. Себебі, мерекеге келушілер көп, ал, алып шаһардағы мешіттердің саны бар-жоғы бесеу. Десе де, бұған бола жабырқап жатқан жан жоқ. Оның үстіне, бүгін күн райы жақсы болды.

Ақжол Орманқұлұлы:

- Құрбан айт жылына бір келетін қасиетті мереке. Бұл күні жамағатпен бірге құлшылық қыламыз. Бүгін өздеріңіз көріп тұрғандай, Айт намазына адам көп келді. Бастысы, өзара бірлікте болып, бір-бірімізді құрметтеуіміз керек. 

Али Саду:

- Мәскеу – өте әдемі шаһар екен. Мен Франциядан келдім. Құрбан Айт мерекесін осы қалада қарсы алып жатқаныма қуаныштымын. Қаншама ұлттың өкілдері жиналса да, ешкім бір-бірін жатырқап жатқан жоқ.   

Құрбан айт – Ресейде кәдімгі жұмыс күні. Бүгін тек Татарстан, Башқұртстан, Шешенстан, Дағыстан сияқты мұсылмандар көп тұратын кей өңірлер ғана демалып жатыр. Бірақ, соған қарамастан Мәскеу мен Мәскеу облысындағы Айт намазына 300 мыңнан аса адам қатысты.

Равиль Гайнутдин, Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы:

- Мен өзімнің барлық қарындастарымды, мұсылмандарды, отандастарымды ізгілікке, мейірбандыққа, жақсылыққа шақырамын. Көмекке мұқтаж барлық жандарға қолұшын созып, шамамыз келгенше игі істер жасайық. Қасиетті кітапта жазылған дүниенің, жалпы, бүгінгі мерекенің негізгі мән-мағынасы осы. Жер бетінде әрқашан бейбітшілік болып, адам баласының қаны төгілмесе екен.

8 жылдан бері Мәскеу аумағында құрбандық шалуға рұқсат жоқ. Есесіне бұл рәсімді қаланың сыртындағы көптеген шаруа қожалықтарында атқаруға болады. Ол жерде бір қойдың орташа құны – 50 мың теңгеге пара-пар.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу