Бангкокта көгершіндерді аулау шарасы жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бангкокта көгершіндерді аулау шарасы жарияланды

26.09.2018

Хунта, яғни, Таиландтың әскери билігінің мәлімдеуінше, олар халықтың денсаулығына залал келтіруі мүмкін. Сондай-ақ, осы құстар түрлі жұқпалы ауруларды таратып жатса керек. Жергілікті жауапты қызмет өкілдері мен ветеринарлар кептерлерді ұстап, оларда инфекцияның бар-жоғын анықтау үшін тексеруге жіберіп жатыр. Ал, Бангкок губернаторы орынбасарының сөзінше, көгершіндер көп қонатын жерлерде қауіпті бактерияларды, менингит және құс тұмауы сияқты түрлі ауруларды жұқтыру мүмкіндігі өте жоғары.

Ел астанасында тұрғындарға көгершіндерге тамақ беруге қатаң тыйым салынды. Ал, осы ережені бұзғандар, тіпті, 3 айға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. Сондай-ақ, оларға 800 долларға дейін айыппұл төлету жазасы бар.

Жалпы, Таиландта көгершіндер көбінесе буддалық шіркеулерде, базарларда және қоғамдық саябақтарда кездеседі екен. Кей деректерге қарағанда, қатаң ескерту жасалып жатса да, көптеген тұрғындар мен туристер көгершіндерге тамақ беруді тыймай отыр.

 

Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу