Осы өлкеде тұратын қандастарымыз саяхат саласын өркендетуге ерекше мән беріп,тұрақты табыстың көзін тапқан. Шетелден келген қонақтар болса, қазақтың салт-дәстүрін тамашалап, тұрмыс-тіршілігімен танысады. Ұлттық тағамнан дәм татып, құсбегілердің өнерін қызықтайды.
Мұхит асып Моңғолияға арнайы ат арылтып келген мыңдаған туристің бірі Ди Тувин жасы жетпісті алқымдаса да, ел көріп, жер танығанды жөн санайды. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Бай Өлкеге алғаш келуі. Бүркітшілердің өнерін тамашалап, аңға құс салудың қыр-сырына қанығып қайтпақ ойы бар.
Ди Тувин, саяхатшы:
- Мен бұл өлкеге арнайы бүркітшілер тойына келдім. Бұл фестиваль туралы таныстарым көп айтқан. Жүз рет естігенше, 1 рет көрген жөн ғой ойладым. Мұнда бірнеше күн боламыз. Бағдарлама жасалған, басқа да қызықты дүниелерді көріп қайтамыз.
Аймақта шетелдік меймандарға қызмет көрсететін компаниялар саны да жыл сайын көбейіп келеді. Солардың бірі Шындәулет Қабдылұлына тиесілі. Оның отбасымен осы кәсіппен айналыса бастағанына 8 жылдан асқан. Қонақтарға 20-ға жуық киіз үй тігіп қойған.
Шындәулет Қабдылұлы, туристік компания басшысы:
- Көбінде бізге АҚШ, Австралиядан келеді. Батыс елдерін алғанда, Германия және Франциядан келеді. Бізде табиғаты көрікті жерлер көп болғандықтан, осыны көру үшін келеді. Бүркітті көруге келеді. Қазақтың және басқа ұсақ ұлттардың тұрмыс-тіршілігімен танысады.
Моңғолиядағы ең биік таулар, тарихи және көрікті жерлердің көбі – осы Баян-Өлгей аймағында. Сондықтын, туристердің басым бөлігі аттың басын осы жаққа бұрады. Статистика бойынша тек биыл өңірге 23 мың саяхатшы келген.
Айбек Даниалұлы, аймақтық Табиғат қорғау және саяхат басқармасының бастығы:
- Аймағымызға 1 саяхатшы 1500 АҚШ долларын қалдырады екен. Ал, енді 1500 долларды жаңағы 23 мың адамға көбейткенде, аймағымызда тек туристерден 86 миллиард пайда қалып отыр.
Саяхатшылар қатары артқан сайын Баян-Өлгей қаласында қонақ үйде бос орын да табылмай жатады. Сол себепті, қазір шаһардың қақ ортасында 9 қабатты мейманхана салынып жатыр. Бұл -туризмнің дамығанының айғағы. Жалпы, бүгінде Моңғолияға жылына 400 мың турист келеді. 2030 жылға дейін олардың санын 1 миллионға жеткізу жоспары бар.
Берік КӨШЕРБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.