Оңтүстік Кореяда шамдар фестивалі өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Кореяда шамдар фестивалі өтіп жатыр

23.11.2018

Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласында жылдағы дәстүр бойынша шамдар фестивалі басталды. Жылына бір өтетін  мереке екі аптаға созылады. Бұл күндері Сеул қонақтары мен саяхатшылар қағаздан жасалып, жарықпен айшықталған 400-ден астам экспонатты тамашалай алады.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Шамдардың көрмесі Чхонгечхон өзенінен бастау алып, 1,5 шақырым жерге дейін созылады. Самаладай жарқыраған мүсіндердің барлығы өзеннің ортасында тұр. Оны арнаны жағалай жүріп немесе көпір үстінде тұрып тамашалауға болады.  Шамдар кешкі сағат 17:00-ден түнгі 23:00-ге дейін ғана жанып тұрады. 

Хан Су Пе, қала тұрғыны:

- Біз екеуіміз өткен жылы тап осы шамдар фестивалінде танысқан болатынбыз. Бір-бірімізді жақын тани келе, отбасын құрдық. Сондықтан, біз үшін бұл жер өте ыстық. Сезімдеріміздің бастау алған жері. Бұл жерде әрдайым адам өте көп болады. Көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.

Мұндағы экспонаттар сан алуан тақырыпта. Оның бір бөлігі Кореяның тарихы, мәдениеті мен дәстүріне арналған. Олардың арасында батырлары, ұлт тұлғалары да бар. Қағаздан жасалған мүсіндердің енді бір шоғыры - ертегі кейіпкерлері. Жан-жануарлар бейнесі де айшықталған.

Сеулдің орталығын қақ жарып ағатын Чхенгечхон өзенінің атауын қазақша аударғанда тазалық, мейірбандық, адалдық деген мағынаны білдіреді. Сондықтан да, фестивальге келушілер өздерінің ең бір ізгі тілектері, жақсы пейілдері жазылған шамдарды суға ағызуды дәстүрге айналдырған.

Мүсіндердің барлығы ханди деп аталатын кореялық қағаздан жасалған.  Оның басты қасиеті ыдырап, бүлінбейді. Қатты қағаздан ойылған өнер туындыларының салмағы небәрі  1-2 келі ғана. Иллюминациялық мүсіндерді айшықтау үшін 35 мыңнан астам шам жағылады.

Хванг Мижунг, Сеул мэриясының бас директоры:

- Қараша айы - суықтың басталатын кезі. Фестивальді жылда әдейі осы мезгілде өткіземіз. Ондағы мақсат шамдардың сәулесі арқылы адамдардың жүрегіне жылу сыйлағымыз келеді. Мейірім мен ізгілік шуағын сезінсе дейміз. Соған сай, фестиваль тақырыбы, оған қойылатын мүсіндер де жыл сайын өзгеріп отырады.

Фестиваль кезінде өзен жағалауында түрлі концерттер ұйымдастырылады. Байқаулар өткізіледі. Сондай-ақ, балалар мен ересектер арнайы орында отырып, қағаздан өз қиялындағы шамдарды жасайды. Ерекше пішіндегі мұндай бұйымдар сондағы көпшілік қызықтайтын арнайы көрмеге қойылады. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу