Соңғы деректерге сай, Францияның Страсбург қаласында болған атыстан 3 адам қаза тауып, 12-сі жараланды. Бұл туралы елдің ішкі істер министрлігі мәлімдеп отыр. Жараланғандардың жетеуінің халі мүшкіл. Оқиға қала орталығындағы Клебер алаңында ашылған жаңажылдық жәрмеңке жанында болған. Автоматпен қаруланған ер адам оқ атып, кейін өзі полициямен атыста жараланды. Дегенмен, ол ізін суытып үлгерген.
Қылмыскерді іздеуге қауіпсіздік күштерінің жүздеген қызметкері тартылды. Полиция шабуылшының аты-жөнін, тұратын жерін анықтады. Әзірге, 29 жастағы ер адамның Франциядағы қоғамға қауіпті адамдар тізімінде бар екені анықталды. Қазір Страсбург тұрғындарына көшеге шықпау туралы кеңес берілді. Бұған қоса, шабуылдың терроризмге қатысы бар деген күдікпен қылмыстық іс қозғалған.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.