Еуропалықтар мерекелік сыйлықтарға, жаңажылдық безендірулерге биыл былтырғыға қарағанда көп қаражат жұмсаған. Бельгиялық Серж Хеннебель -рекорд орнатқандардың бірі. Қарапайым жұмысшы өз қаржысына ауласына Аяз ата қалашығын тұрғызып, көпшілікке ғажайып мекенді тегін көруге мүмкіндік жасап отыр.
50 жастағы Серждің мамандығы техник. Брюссель әуежайында ұшақтарды жөндеумен айналысады. Еңбек демалысын 25 жыл қатарынан тек желтоқсанда алуды әдетке айналдырған. Үйін безендіріп, үлкен-кішіге жаңажылдық көңілкүй сыйлау үшін.
Серж Хеннебель, Аяз ата қалашығының қожайыны:
- 25 жыл бұрын үйдің сыртына жылтырақ ілуден бастадым. Жыл сайын безендіруді көбейтіп, 2008 жылы балаларым ержеткен соң, Аяз атаның үйін тұрғыздық. Ғаламтордан, дүкендерден шыршаға ілетін ойыншықтар , бұғылар мен шананы сатып алдым. Сөйтіп, есіктің алдын кеңейттік. Келіп көрушілердің қатары көбейген соң, менің де қызығушылығым арта түсті. Ешқандай пайданы ойламай, біреуге қуаныш, бақыт сыйлағаннан ләззат аламын.
900 шаршы метр аумаққа созылған «ғажайыптар мекенін» безендіруді Серж қыркүйектен бастапты. Мыңдаған Аяз атаның, 5 мың метр жылтырақ пен жарықты орнатуға қос ұлы мен көршілері көмектескен. Балғындарды қуанту үшін жыл сайын түрлі ойын алаңдарын салатын Серж биыл мына хат салатын жәшікті тұрғызған.
Аяз атаның рөлін кезектесіп ойнайтын қос ұлы әкесінің жолын жалғастырмақ ниетте.
Аяз ата:
- Балалардан хат толастамай келуде. Мүмкіндігінше жауап беруге тырысып жатырмын. Сыйлық та жетеді. Жаңа жыл барша әлем халқы үшін керемет жыл болсын.
Аяз атаның тынығатын, тамақтанатын, жұмыс бөлмесін Серж таза ағаштан тұрғызған. Мынау сыйлықтарды қорапқа салып, әрлейтін көмекшілердің кабинеті. XX ғасырдың басында шыққан ойыншықтар мен қуыршақтарды Хеннебельдер отбасы коллекционерлерден жылдар бойы жинақтапты. Төккен тер мен кеткен қаржыда есеп жоқ.
Лилан:
- Бұл жер өте жарық. Жаңа жылды қатты сезінесің. Осының бәрін безендіруге үй иесінің көп күш жұмсағанын көріп тұрмын. Осындай ғажапты көргеніме өте қуаныштымын.
Даниель Лабио:
- Адам айтқысыз шаттыққа бөлейтін жер. Немерелерімізбен бірге қызықтап, балалық шағымызға оралғандай болдық. Бірақ, біздің кезімізде мұндай әсемдік болған емес. Ерен еңбек.
Аяз ата қалашығын осы уақытқа дейін 4 мыңнан астам адам тамашалап үлгерген. Келем деушілерге 7 қаңтарға дейін есік ашық. Көпшілікке ерекше мерекелік көңіл күй сыйлаған Серж келер жылы да «тосынсый көп болады», деп отыр.
Нұрсұлу ҚАСЫМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.