«Boeing 737 MAX» ұшағына тыйым салған елдердің саны бесеуге жетті. Бүгін бұл лайнерлерді ұшырудан Австралия мен Сингапур бас тартты. Ал, осыған дейін Қытай, Индонезия және Эфиопия оларды сапарға аттандырмау туралы шешім қабылдаған еді.
АҚШ олардың ұшуын тоқтатпағанымен, «Boeing» компаниясынан бағдарламалық қамтамасыз етуді жаңартуын талап етті. Бұдан өзге, жекелеген елдердің әуе компаниялары да «Boeing 737 MAX»-тың рейстерін тоқтатқан. Ал, елімізде осы лайнерді қолданатын авиациялық компанияларға персоналға қосымша тренингтер өткізу тапсырылды.
Наурыздың 10-да Эфиопияда «Boeing 737 MAX» ұшағы апатқа ұшырап, 157 адам қаза тапты. Ал, өткен жылдың қазан айында дәл осы үлгідегі лайнер Индонезияда құлап, 189 адам опат болды. Сол кезде трагедияға пилоттардың ұшақтың автоматтық жүйесін басқара алмауы себеп болғаны анықталған еді.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ