Эфиопияға құлаған ұшақтың «қара жәшігіндегі» жазбаны талдау аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Эфиопияға құлаған ұшақтың «қара жәшігіндегі» жазбаны талдау аяқталды

18.03.2019

«Ethiopian Airlines» компаниясы лайнері мен Индонезияның «Лайан эйр» ұшағының құлау себептері ұқсас болып шықты. Мұны бүгін Эфиопия көлік министрі Дагмавит Могес мәлімдеді.

Париждегі Әуе апаттарын тергеу бюросы Эфиопияға құлаған ұшақтың «қара жәшігіндегі» жазбаны талдауды аяқтады. Және де сол апат туралы мәліметтерді Эфиопия жағына тапсырған. «302-ші және 610-шы рейстердің арасында айқын ұқсастықтар байқалды. Бұл қорытынды әрі қарай жүргізілетін тергеулерге негіз болады», - дейді Могес.

«Боинг-737 Макс 8» ұшақтары алғаш рет 2016 жылы қаңтарда әуеге көтерілді. Бірақ, соңғы бес айда ол екінші рет құлап, солардың біріншісінде 189, екіншісінде 157 адам мерт болды. Осы трагедиялардан кейін әлемнің 40-тан астам елі Макс 8 және 9 лайнерлерін авиациялық сапарларға аттандырудан бас тартып отыр.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу