Индонезияда бүлік шығарғандардың «ДАИШ»-ке қатысы бар болып шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Индонезияда бүлік шығарғандардың «ДАИШ»-ке қатысы бар болып шықты

24.05.2019

Индонезияда сайлаудан кейінгі қақтығысты ұйымдастырушылар – «ДАИШ»-ке қатысы бар топтың мүшелері. Бұл туралы жергілікті полицияның баспасөз хатшысы Мұхаммед Икбал мәлімдеді. Оның сөзінше, айыпталушылар бейбіт шеруде бүлік шығарып, жиһад жасамақ болған. Бұған дейін билік 250-ден астам адамның қамауға алынғанын айтып, оларға осы аласапыран үшін ақша төленгені туралы мәлімдеген еді. Тергеу аяқталған соң, олардың ісі сотта қаралатын болады.

Айта кетсек, Индонезияда сәуірдің 17-де президент сайлауы өтіп, қазіргі мемлекет басшысы Джоко Видодо жеңіске жетті. Дегенмен, оның қарсыласы - Прабово Субианто оны жемқорлыққа барды деп айыптап, дауыс берудің әділ өтпегенін мәлімдеген. Сондықтан наразы жұрт екі күн шерулетіп, оның соңы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Салдарынан кемінде 8 адам қаза тауып, 700-дей тұрғын жараланған.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу