Көршілес Ресей елінде Қазақстанда шығарылған тауарлар сұранысқа ие - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көршілес Ресей елінде Қазақстанда шығарылған тауарлар сұранысқа ие

04.06.2019

Екіжақты сауда-саттықтың басым бөлігі, шекаралас облыстар мен Татарстан Республикасы сияқты бауырлас өңірлерге ғана тиесілі. Сондықтан қазақстандық экпортты қолдау мақсатында құрылған «Kazakhexport» мемлекеттік компаниясы, Ресейдің ішкі аймақтарымен де алыс-беріс, барыс-келісті арттырғалы отыр.

Қазан қаласында қазақтың азық-түлігіне деген сұраныс күшті. Сол себепті жергілікті дистрибьюторлық компаниялардың бірі, Қазақстаннан ай сайын 60 тоннадай ішіп-жемге керек заттарды сатып алады. Ильнур Гариповтың айтуынша, оны шаһардағы шағын дүкендер мен дәмханалар бірден талап әкетеді.

Ильнур Гарипов, дистрибьюторлық компанияның қаржы директоры:

Біздің компания 2 жылдан бері қазақстандық азық-түлік заттарын сатумен айналысып келеді. Себебі тауарлардың сапасы жақсы, ал бағасы көңілге қонымды. Халық тарапынан сұраныс жақсы болғандықтан, келешекте сатып алатын өнімдердің түрін де, көлемін де көбейткелі отырмыз.

Азық-түлік дегеніміз, Татарстанмен арадағы сауда-саттықтың бір мысалы ғана. Әйтпесе, бұл бауырлас елді қойып, жалпы Ресейде, Қазақстанда жасалған металл бұйымдары мен машинақұрастыру және химия өнеркәсібі саласының өнімдері де үлкен сұранысқа ие.

Данияр Тынымбаев, «Kazakhexport» мемлекеттік экспортты сақтандыру компаниясының Ресейдегі өкілі:

Қазір жалпы құны 300 миллион доллар болатын қазақстандық тауарларға тапсырыс бар. Алдын-ала жасалған уағдаластық бойынша, Ресей тарапы осынша сомаға азық-түлік заттары мен металл өнімдерін сатып алғалы отыр. Бұдан бөлек, Башқұрстан Республикасы Қостанайды шығарылатын 77 жолаушылар автобусын алуға ниет білдіріп отыр. Жалпы экспортпен айналысатын қазақстандық компанияларға көмек көрсету ісін алдағы уақытта да жалғастырамыз.

Волга, яғни Еділдің бойын ен жайлаған Ресейдің 14 облысы, былтыр біздің елмен 3 миллиард 200 миллион долларға тауар алмасқан. Бұл соманың төрттен бірі тек Татарстанға тиесілі. Енді өзге өңірлермен де, арадағы алыс-берісті арттыру үшін, «Kazakhexport»-тың өкілдігі Удмурт, Чуваш және Марий Эль республикаларымен де келіссөз жүргізіп жатыр.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу