Еуропа елдері контрафактілік тауарлардың кесірінен бір жылда 60 млрд еуро жоғалтқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа елдері контрафактілік тауарлардың кесірінен бір жылда 60 млрд еуро жоғалтқан

07.06.2019

Бұл туралы Еуропалық Одақтың интеллектуалдық меншік жөніндегі бюросының өкілдері баяндады. Айтуларынша, былтыр бір жыл ішінде кеденшілер Қытай, Үндістан мен Түркияда жасалған 41 млн жасанды өнімді тәркілеген. 

Әйгілі брендтердің сөмкелері, киім-кешектері, ұялы телефондары мен косметикасынан бөлек, астыртын цехтарда шығарылған дәрі-дәрмектер де Еуропа мемлекеттеріне тасымалданған. Сапасыз, бірақ арзан тауарларға тұтынушылардың сұранысы жоғары болғандықтан, түпнұсқа тауарларды өндірушілер біраз қаржылай шығынға батқан. Салдарынан қарт құрлықтағы 13 салада былтыр 434 мың адам жұмыстан қысқартылған.

Эрлинг Вестергаард, Еуропалық Одақтың интеллектуалдық меншік жөніндегі бюросының сарапшысы:

- Қазір бізге күш біріктіру өте маңызды. Интернет сауда қызған тұста, контрафактпен күресу одан сайын қиындап кетті. Ол дүкендердің қайда орналасқанын, иесі кім екенін анықтау оңай емес. Бұл тауарлардың денсаулыққа үлкен қауіп төндіретінін біле тұра, еуропалықтар көптеп сатып алып жатыр. Осыған тосқауыл қою үшін Еуропа елдерінің кеден қызметі, полиция, прокурорлары ақпарат, тәжірибе алмасып, қоян-қолтық жұмыс істеуі тиіс.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу