Германияда Deutch Bank 18000 адамды жұмыстан қысқартатын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Германияда Deutch Bank 18000 адамды жұмыстан қысқартатын болды

08.07.2019

Германияның «Дойче Банкі» 18 мың жұмыс орнын қысқарту жоспарын жариялады. Осыған байланысты бүгін оның Токиодағы және Азияның өзге елдеріндегі бөлімшелерінде қызметкерлер штаттан босатыла бастаған.

Бұған дейін «Дойче банк» пен «Коммерцбанк» арасындағы бірігу туралы келіссөздер сәтсіз аяқталды. Екі ұйым бұндай серіктестіктің пайдасынан шығыны көп болады деген ұйғарымға келген. Сол себепті «Дойче банк» бір Лондонның өзінде 8 мың адамды қысқарпақ. Сонымен қатар, оның Нью-Йорктегі кеңселерінің де қызметкерлері азайтылады.

«Дойче банктің» инвестициялық бизнес көрсеткіштері көп жылдан бері құлдырап келеді. Жағдайды жақсарту әрекеттері ойдағыдай нәтиже бермей отыр.

Бұл алып қаржы ұйымында 92 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олардың санын 2022 жылы 74 мыңға дейін азайтуға бағытталған қайта құрылымдау шаралары салдарынан германиялық банк 7 жарым миллиард еуроға жуық қаражат жоғалтады деген болжам бар.

 

Арыстан РЫСБЕК

 

Хабарламаларға жазылу