Грекияда парламенттік сайлауда оппозициялық партия жеңіске жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Грекияда парламенттік сайлауда оппозициялық партия жеңіске жетті

08.07.2019

Грекияда билік ауысып жатыр. Жексенбі күні мерзімінен бұрын өткен парламенттік сайлауда «Жаңа демократия» партиясы басым дауыс жинап, жеңіске жетті. Бюллетендердің 90 пайызы саналып бітті. Бұл партияға халықтың 40 пайызға жуығы дауыс берген. Ал биліктегі «Сириза» партиясын қолдағандар 31 пайыздан сәл асады. Болашақ премьердің аты-жөні - Кириакос Мицотакис. Оның әкесі де бір кездері грек үкіметін басқарған. «Жаңа демократия» салықты төмендетіп, бірқатар мемлекеттік қызметтерді жекешелендірмек. Грекия 2008 жылғы қаржылық дағдарыстың зардабын әлі сезініп келеді. Бұл мемлекет былтыр экономикалық өсім үшін халықаралық кредиторлардан жүздеген миллиард еуро көмек алды. Алайда  жастар арасында жұмыссыздық деңгейі тым жоғары. Сондықтан, сайлау алдында Мицотакис осы проблеманы да шешуге уәде берді. Премьер-министр Алексис Ципрас басты қарсыласына хабарласып,  жеңісімен құттықтап үлгерген. Сарапшылардың пікірінше, «Сиризаның» осы жолы ұтылуына жұмыссыздық пен экономикалық жағдайдың нашарлауы себепші.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу