Ресейде 3 миллион гектарға жуық орманды алқап өртенді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде 3 миллион гектарға жуық орманды алқап өртенді

29.07.2019

Ресейде орман өртінен 3 миллион гектарға жуық алқап жанып кетті. Апаттан Сібір мен Қиыр Шығыс федералды округтары зардап шегіп отыр. Осыған байланысты Иркутск облысында, Красноярск өлкесінде, Бурятия мен Якутияда төтенше жағдай жарияланды. Қазір тілсіз жаумен күрес 170 мың гектардан астам аумақта ғана жүргізіліп жатыр. Билік өкілдері қалған алқаптағы өртті сөндіру бюджеттік қаражат үшін тиімсіз екенін алға тартқан. Қою түтін шалғайдағы облыстарға да жеткен. Тұрғындар тынысы тарылып, қан қысымының көтерілгеніне шағымдануда. Ал біздің елге улы газдардан үлкен қауіп төніп отырған жоқ. Синоптиктердің мәліметінше, солтүстіктегі облыстар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды мен Алматы облыстарында қалқыма газдың мөлшерден асқандығы байқалады. Дегенмен әзірге қауіпті деңгейге жеткен жоқ.

 

Әсем Өскембаева, «Қазгидромет» РМК экология және мониторинг департаментінің жетекші инженері:

Белгілі бір нормадан, яғни жоғары ластану деңгейіне жеткен жоқ. Жоғары ластану деңгейіне жетті деп біз 10 есе, 20 есе асқанда ғана тіркей аламыз. Яғни ондай қауіп жоқ. Егер де белгілі нормадан экстрималды жоғары ластану тіркелген болса, Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне бірден хабар жіберіледі.

 

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ

 

 

 

Хабарламаларға жазылу