АҚШ президенті Дональд Трамп ресейлік әріптесі Владимир Путинге Сібірдегі орман өртін сөндіруге көмек ұсынды. Бұл туралы бүгін Кремльдің баспасөз қызметінен хабарлады. Путин әңгіме барысында орман өртімен күреске үлкен күш жұмылдырылғанын, бірақ қажет болған жағдайда көмекке жүгінетінін айтыпты. Кремль Сібірге әскер аттандыру туралы шешімді елдің Төтенше жағдайлар министрі Евгений Зиничевтің баяндамасынан кейін қабылдаған. Аталған министрлік тайганы жалмап бара жатқан жалынды сөндіруге күш жетпей жатқанын мәлімдеп отыр. Өрт 3 миллион гектарға немесе Бельгияның аумағындай жерге тарап үлгерген. Оның түтіні қазір Моңғолияның кейбір аудандарына да жетіп отыр. Экологтардың мәліметінше, ормандардың көп жануы жауынды күшейтіп, тасқындарға себеп болады. Соңғы мәліметке қарағанда, Иркутск облысында 25 елді мекенді су басқан.
Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ