Ливияның Хомс қаласы жағалауынан 20 мигранттың мәйіті табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ливияның Хомс қаласы жағалауынан 20 мигранттың мәйіті табылды

02.08.2019

Толқын оларды жағаға шығарып тастаған. Мигранттар отырған ағаш қайық Жерорта теңізінде өткен аптада апатқа ұшырады. Осылайша, қаза тапқандар саны 75-ке жетіп отыр. Дегенмен, жоғалғандарды іздеу жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр.

Айта кетсек, бір апта бұрын 250-дей мигрант отырған қайық теңізде аударылып, олардың 134-ін ғана құтқару мүмкін болды. Қалғаны із-түссіз жоғалып кеткен. Құзырлы органдар олар суға батып, қаза табуы мүмкін деп мәлімдеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар жөніндегі агенттігі мұны Жерорта теңізіндегі аса қайғылы «трагедия» деп атады.

Ливияның батыс жағалауы - соғыстан, аштықтан бас сауғалаған мигранттар үшін Еуропаға аттанатын негізгі пункт. Алайда, олардың барлығы діттеген жеріне жете бермейді. Ресми деректер бойынша, жыл басынан бері Жерорта теңізінде 600-дей мигрант қаза тапқан.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу