Бүгін Татарстан астанасы Қазанда WorldSkills — 2019 чемпионаты басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Татарстан астанасы Қазанда WorldSkills — 2019 чемпионаты басталады

22.08.2019

Бүгін Татарстан астанасы Қазанда WorldSkills — 2019  чемпионаты басталады. Қазіргі сәтте ашылу салтанатына соңғы дайындықтар жүріп жатыр. Жұмысшы мамандықтар арасында өтетін жаһандық додаға 60-тан астам мемлекет қатысады. Біздің елден бұл додаға кімдер қатысады? Қандай мамандық түрлерінен бақ сынайды? 

Татарстан WorldSkills — 2019  өткізуге тас-түйін дайын. Қазір санаулы сәттерден кейін жаһандық деңгейдегі доданың ашылу салтанаты басталады. Дода дейтініміз, WorldSkills бұл кәдімгі спорттық бәсеке іспетті. Кәсіптік жұмысшы мамандық иелерінің олимпиадасы деуге болады. Екі жылда бір мәрте ұйымдастырылады. Қазанда 45-ші рет өтуде. Даяшы, аспаз, дәнекерлеуші, сантехник, электрик, шаштараз сынды кәсіптік мамандықтың 56 түрі бойынша жарыс өтеді. Яғни өз ісіне жан-тәнімен берілген, шын шебер, кіл мықтыларды жаһанның әр түкпірінен келген қазылар алқасы бағалайды. Татарстан тарапы бұл чемпионатты өткізуге барын салып дайындалғаны байқалады. Қыруар қаражат та жұмсалған. Жергілікті бюджеттен тыс, Ресей қазынасынан да миллиардтаған рубль бөлініпті. Дегенмен жергілікті халықтың көңілі күйі жоғары, біз үшін мұндай шараны абыроймен атқарудан асқан бақыт жоқ деген сыңай танытты көпшілігі.

Алина Габдулина, ерікті:

Татарстан бұл чемпионатты өткізуге ұзақ дайындалды. Мұндай маңызды шараның біздің отанымызда, біздің қаламызда өтуі мақтаныш. Көптеген көшелер жөнделді, гүлге толы бақтар ашылды. Бүгін міне, әлемнің әрбір бұрышынан туристер келуде. Осының өзі мақтаныш емес пе…

Қазақстан WorldSkills -2019 бәсекесіне белсенді түрде дайындалған. Кәсіптік мамандықтың 34 түрі бойынша қатысады. Аспаз, шаштараз, дәнекерлеу, мейрамхана қызметі, сантехник сынды ондаған түрлі мамандық бойынша білімді, әрі білікті қыз-жігіттерді үкілеп додаға қосып отыр. Олар ертеңнен бастап жарысқа кіріседі. Бүгін қызу дайындық үстінде болғандықтан, ешқайсысы сұхбат беруге асықпады. Барлығы арық айтып, семіз шықсақ деген ниетте. Қатысушыларды қолдауға, демеуге жүздеген жанкүйер келген. Сондай-ақ ресми тұлғалар да осында. Атап айтқанда, Үкімет басшысы Асқар Мамин арнайы келді деген ақпарат бар. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те осында. Жұмысшы мамандықтар чемионаты тамыздың 28-не дейін жалғасады. Шаппай бәйге сұрап отырған басты фовариттердің алдыңғы үштігінде Қытай, Корея және Германия бар. Дегенмен, Қазақстан да үздік нәтижеге үміт артып отыр. Ертең қатысушылардың алғашқы нәтижелері туралы баяндайтын боламыз. 

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу