Теңіз жағасынан 50 жыл бұрын жазылған хат табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теңіз жағасынан 50 жыл бұрын жазылған хат табылды

23.08.2019

Америкалық мұғалім Тайлер Иванофф Алясканың батыс жағалауынан шампан шөлмегіне салынған хат тауып алды. Ол 1969 жылы Кеңес одағынан жіберілген екен. 50 жыл өтсе де сиясы кетпеген қағазда «Ресейдің Қиыр Шығыс Флотынан сәлем! Біз сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, мұхитта сәтті сапар тілейміз» деп жазылған. Тайлер оны баласы екеуі жағалауда отын іздеп, ағаш жинап жүргенде тауып алған. Содан кейін мұғалім шампан бөтелкесі мен хатты суретке түсіріп, Facebook-тегі парақшасында жариялап, орысша жазуды аударуға көмек сұраған.

Ал «Рейтер» агенттігі хаттың авторын Қырымнан тапты. Ол - бұрынғы теңізші, 86 жастағы Анатолий Ботсаненко.

«Біз де ұмытылармыз. Кеме де, теңізшілер де ұмытылар. Осындай оймен шөлмекті суға тастадық. Бірақ оның Аляскаға жететінін кім білген. Тек сәлем жолдағымыз келді. Саяси оқиғаларға қарамастан, ол заманда біздің халық Американы жақсы көрді ғой», - дейді зейнеткер.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу