Татарстанның Қазан қаласында өтіп жатқан WorldSkills - 2019 чемпионаты жалғасуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Татарстанның Қазан қаласында өтіп жатқан WorldSkills - 2019 чемпионаты жалғасуда

23.08.2019

Жұмысшы мамандықтар арасындағы WorldSkills -2019 чемпионаты жалғасуда. Бүгін Қазақстандық қатысушылар өз алаңдарына шығып, сарапшылар тарапынан берілген тапсырмаларды орындауға кірісті. 63 мемлекет қатысып жатқан мықты мамандар жарысында жүлдеден үміт жоқ емес, бар.

Ербол Мәндібек, тілші:

Татар ағайындар қазан көтеріп, жылы қабақпен қонақ қарсы алып жатқанына бүгін екінші күн. Астанасы Қазанға қарай ағылып жатқан жанкүйерлердің қарасы қалың. Таңсәріден Қазақстандық делегат та өткізу бекетіне жетті. 

Серікхан Әділханов, бас сарапшы:

Саят Тоқтаханов азпаздық өнері бойынша сынға түсуде. Жоғары ұпай алу үшін тамақ түрлерін дәмді дайындап қана қоймай, ептілігімен,  үнемділігімен көзге түсуі тиіс. Бүгін сорпа әзірлеуде. Тәртіп қатал.  Жарыс алаңында сұхбат алу тұрмақ, алаңдатуға тыйым салынған.

Қазанға әлемнің әртүкпірінен мыңдаған турист келуде. Әрине бұл татар халқы үшін керемет мүмкіндік. Өздерінің салтын, әдеп-ғұрпын насихаттап жатыр. Мәселен, мына менің қолымдағы домбыра біздің ғана емес, татарлардың да ұлттық музыкалық аспабы екен. Демек, WorldSkills күллі түркі әлеміне таныс домбыраның жаһанға жаңғыруына, танылуына септігін тигізуде.

Осы ретте,  бұл жарыстың мазмұны мен мақсаты туралы айтсақ, біріншіден, жаһандық өндірістегі мамандардың кәсібилігін шыңдау, екіншіден, жас мамандардың өзара қарым-қатынасын нығайту және халықтар бірлігін арттыру. Жарыс тамыздың 28-не дейін жалғасады, біздің құраманың қандай нәтиже көрсеткенін алдағы хабарларымызда баяндаймыз.

Ербол МӘНДІБЕК

 

 

Хабарламаларға жазылу