«Silk Way Star» сахнасына келесі болып, қазақ әнімен көрермендерді билетуге асыққан түрік әншісі Фулин шықты.
«Бүгін қазақ тілінде ән саламын. Ән маған қатты ұнады. Сондықтан, шын жүректен орындаймын деп үміттенемін. Қазақ әндері түріктерге мүлдем түсініксіз деп айта алмас едім. Бірақ, сонда да қиындықтар болды. Қазақ әнін басқа елде айтсам, дәл бұлай уайымдамас едім. Бірақ, Қазақстанның өзінде қазақ әнін орындау өте күрделі жұмыс».
Өз кезегінде, Фулинге барынша көмектескен Айқын әншіге қолдау білдіріп, Фулинге жақсы орындап шығуын тіледі.
Түрік әншісі «Silk Way Star» байқауының үшінші жарыс күнінде Айдана Меденованың «Менімен биле» әнін орындады.
Қазылар алқасының мүшесі Медеу Арынбаев (Қазақстан):
- Фулин сахнаға шыққан кезде біз өзіміздің әділ қазылар мүшесі екенімізді ұмытып кеттік. Әлемдік деңгейдегі жұлдыз келгендей болып көрінді. Фулиннің көркі, жүріс-тұрысы, образы, қойылған шоу – бәрі-бәрі жоғары деңгейде болды.
Айта кетейік, «SILK WAY STAR» халықаралық музыкалық байқауы «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан әр сенбі сағат 21:15-те эфирге шығатын болады.